Қытаймен шекарада бір миллиард теңгенің ірі контрабандасы ұсталды. Кедендік құнын төмендету мақсатында пысықай кәсіпкерлер «киім-кешектің» орнына декларацияда «маталарды» көрсеткен. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді. Мамандар «Алтынкөл-Жол» кеден бекетінде заңнаманы бұзды деген күдікпен 6 теміржол контейнеріне тексеру жүргізген. Сол кезде ірі партиядағы контрабандалық киім-кешектер табылған. Алайда тауардың көліктік-ілеспе құжаттарында кедендік-салықтық төлем құны төмен тауар «мата» көрсетіліпті. Алдын-ала жүргізілген есепке сәйкес, жалпы салмағы 137 тоннаға тең декларацияланбаған тауардың кедендік құны 1 миллиард теңгеден асады. Қазір бұл іс материалдары қылмыстық-процессуалдық шешім қабылдау үшін Жетісу облыстық экономикалық тергеу департаментіне жіберілді.
️