Елімізде бидай мен ұн экспортына енгізілген шектеулер алынды. Тиісті бұйрыққа Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев қол қойды. Осылайша, Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бидай мен ұнды шетелге шектеусіз сата алады. Бұған дейін Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бидай мен ұн экспортына квота енгізу туралы шешім қабылданған еді. Алайда, әлемдік нарықтағы жағдай тұрақтанып, Қазақстандағы астық өніміне жасалған болжамның оң көрсеткішінен кейін енгізілген квотаны алып тастау туралы шешім қабылданды. Бүгінгі күні республиканың барлық облысында егін жинау жүріп жатыр. Әкімдіктердің деректеріне сәйкес, қазіргі уақытта елімізде астық алқаптарының шамамен 70%, яғни 11,3 млн гектары жиналды. Бұл былтырғы көрсеткіштен әлдеқайда жақсы. Сондай-ақ 13,5 млн тонна астық бастырылды. Оның ішінде майлы дақылдар 220 мың тоннадан асады.
️