Түркістан облысында жайылымдық жерлер мемлекет меншігіне қайтарылды

274
15.09.2022 04:49

Түркістан облысында 521 мың гектар жер елге қайтарылды. Бұл туралы депутаттық фракцияның отырысында облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген мәлімдеді. Оның айтуынша 2022 жылы өңірдегі ортақ жайылым көлемін 1 млн гектарға ұлғайту жоспарланған. Бүгінге дейін 100 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, меморандум арқылы 421 мың гектар жер елге беріліп отыр. Толығырақ тілші материалында.

«AMANAT» партиясы фракциясының мәжілісі ауылдық жерлердегі өзекті мәселелерге арналды. Оның ішінде мәдениет саласындағы олқылықтар, яғни мәдениет үйлерінің болмауы немесе жөңдеу көрмеуі, кітапханалардың аздығы мен өнер мектептерінің жоқтығы талқыланды. Сондай-ақ, елді-мекендердің басты мәселесі-жайылымдық жерлердің тапшылығы да сөз болды. Айта кетерлігі, облыс бойынша 2022 жылдың басында аймақтағы жайылым қажеттілігі 3119,8 мың гектарды құраған.

ЕРҒАЛИ ТІЛЕГЕН - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ - 2021 жылы жайылым жерлерді қайтарудың қадамдық алгоритм бекітілді. Бірінші кезекте ең өзекті жайылым мәселелері бар елді мекендерге басымдылық беріліп, 133 елді мекен маңындағы 135,8 мың га жайылым жерлер ортақ жайылым ретінде ауыл әкімшіліктерінің теңгеріміне бекітілді. Елді мекендердегі ортақ жайылым көлемі 748 мың гектарды құрады.  Жалпы 70 ауылдық округтер жайылымдармен толық қамтамасыз етілді. 

Сонымен қатар облыстық мәслихаттың 30 депутаты бас қосқан жиында аймақты цифрландыру мәселесі де сөз болды. Шалғайдағы ауылдарда интернет желісінің, ұялы байланыстың жоқтығы қызу талқыланды. Облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаевтың мәлімдеуінше облыста 2022 жылы 152 ауылдық елді мекенде мобильді интернетті қосу көзделіп отыр. Бүгінге дейін оның 51-інде жаңа базалық станция іске қосылған. Қалған, 101 ауылдық елді-мекенді жыл соңына дейін қосамыз деп отыр жауаптылар.

Фракция мәжілісінде қаралған мәселелер, көтерілген сауалдар бойынша қаулы қабылданып, сессияның қарауына ұсынылды.