Келесі жылы жанар-жағар май делдалдарсыз сатылады

228
14.09.2022 06:57

Еліміздің жанармай құю станцияларында 15 қыркүйектен бастап дизель отынын цифрлық сату жүйесі енгізіледі. Үкімет басшысы жауапты министрлікке осындай тапсырма берді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың айтуынша, қазір тәуліктік лимиттерді бақылаудың цифрлық жүйесін енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жалпы елімізде дизель отынын өндіру көлемі артыпты. Биыл жыл басынан бері дизель өндірісі 3,53 млн тоннаны құраған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 259 мың тоннаға артық. Айта кету керек,  бүгін облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктерінде жедел штабтар құрылды. Енді баға негізсіз өссе немесе сатудан бас тартқан жағдай болса тұрғындар колл-орталықтарға жүгіне алады. 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ - ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ: «Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр. Дегенмен, жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газдың тапшылығы орын алып отыр. Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы болмауы тиіс».