Президент Елорда атауын өзгертуге байланысты пікір білдірді

182
14.09.2022 06:45

Жуырда Парламенттегі депутаттар тобы елорданың бұрынғы Астана атауын қайтару туралы ұсыныс білдірді. Депутаттардың бұл бастамасын Мемлекет басшысы жақсы біледі. Бұл туралы президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді. Оның хабарлауынша, мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді. Естеріңізге салсам, мәжіліс депутаттары арасында құрылған "Жаңа Қазақстан" тобы 2 қыркүйекте мәлімдеме жасап, президентті жеті жылға сайлау бастамасын қолдап, Нұр-Сұлтан қаласына Астана атауын қайтаруды ұсынған болатын.

Руслан Желдібай -  ҚР президентінің баспасөз хатшысы - Депутаттардың бұл бастамасы туралы Президент хабардар. Халық қалаулылары, өз кезегінде тұрғындармен кездесулерде айтылған ұсыныстарға, сондай-ақ референдум кезінде азаматтардың көптеген өтініштеріне сүйенді. Мәжіліс депутаттарының ұсынысы Мемлекет басшысының келісімімен Конституциялық заң жобасына енгізілді. Президент Қазақстанның қазіргі мемлекеттілігін нығайтуда және елорданың іргесін қалауда Н.Ә. Назарбаевтың шешуші рөл атқарғаны тарихи факт деп санайды. Сондықтан Тұңғыш Президент атындағы басқа да нысандар өз атауларын сақтап қалуы тиіс.