Түркістан облысының әкімі «Бөген» су қоймасына қатысты тапсырма берді

430
12.09.2022 04:54

Түркістан облысындағы «Бөген» су қоймасында жөндеу жұмыстары басталды. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Бөген» су қоймасының жай-күйімен танысып, жөндеу жұмыстарының барысын бақылау үшін арнайы келді. Жауапты сала басшыларын мұқият тыңдап, нақты тапсырмалар жүктеді. Нысанды мерзімінде сапалы етіп тапсыру талабын қойды. Жөндеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен тиісті қаржы бөлуді тапсырды. Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау - басты мақсатымыз. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы тұрақты бақылауда болады, - деді облыс әкімі. Айта кетсем, Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасының ұзындығы 13 шақырым, су сыйымдылығы – 370 млн текше метрді құрайды.