Көшеге жарықшамдар орнату. Ауыз су мәселесі, аяқ жол салу. Бұл ауыл тұрғындарының аудан әкіміне қойған сауалдарының бір парасы. Бәйдібек ауданына қарасты Ақбастау ауылдық округ тұрғындары аудан әкімімен кездесті. Онда олар осы және өзге де түйіткілді мәселелердің жай күйіне тоқталды.
Бәйдібек ауданының әкімімен кездесуге жиналған халықтың қарасы қалың. Өйткені айтылар мәселелер жеткілікті. Мәселен, ақтастаулықтар ауылдағы бұлақ маңына алаңдаулы. Айтуларынша, жағалаудың барлығы жайылымға айналған. Мұның кесірі бұлақ көзінің жабылуына әкеліп соғады. Тіпті жер асты су қоры азайып барады,-дейді.
САПАР ЖОЛДАСОВ – АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ - Негізінде Жұлдызбұлақ басы біреу. Одан кейін бері қарай келген кезде 4 көзі бар. Енді соның жағалауының барлығына 5 ваз отырып алған. Әр ваздан 500 малдан есептегенде 2500 қой болады. солардың барлығы жауып жатыр. Олар көшпесе көшпесін бұлақ көздерін темірмен қоршап қойсын.
Сондай-ақ тұрғындардың бірі жарықтандыру мәселесінің жайын сұрады.
Еркін форматтағы жүздесуде тұрғындар аялдама салу жайын да сөз етті. Аудан әкімі бұл мәселе жақын уақытта шешімін табатынын жеткізді. Одан өзге де айтылған ұсыныстарды назарына алып, оны шешу жолын қарастыратынын айтты.
ЕРЖІГІТ ШӘРІПБЕКОВ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БӘЙДІБЕК АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ - Енді жарықтандырумен бірге 11 көше Құдай қаласа биыл бастаймыз деген ниеттеміз. Енді оны бюджетті нақтылау барысында бізге орналастырып беретін болды. Сол 11 көшені істейміз. Енді оны әр кездескен сайын айта бермей, нақыталу кезін күтейік, нақты ақғазын алып келіп біз енді оны қуана-қуана халыққа жеткіземіз. Құрылыс жұмыстарын биылдан бастап бастайтын болады.
Жиыннан соң аудан басшысы «Жастар аллеясының» құрылысымен танысты. Бұл нысан Ақбастау елді мекенінде бой көтеруде. Айта кетсем, аймақ егін және мал шаруашылығына бейім болғандықтан, 6 073 гектарға күздік бидай, 951 гектарға арпа, 2 359 гектарға мақсары егіліп, ол толықтай қамбаға жиналған. Жалпы, егістік жер көлемі 95 пайызды құрап отыр. Мал шаруашылығында да өсім бар. Мәселен, өткен жылмен салыстырғанда ірі қара 103 пайызға, қой 104 пайызға, жылқы 103 пайызға артқан.
️