Жетісайдағы "Күлпаршын" базарынан 580 жүк көлігімен 3150 тонна қоқыс шығарылды

276
06.09.2022 04:40

Жетісайдағы «Күлпаршын» орталық базарынан 580 жүк көлігімен  3150 тонна қоқыс шығарылды. Сауда орнын қалпына келтіру жұмыстары екі ауысымда, тәулік бойы жүрді. Өртенген базардың жаңа жобасы жасалды. Сауда нүктелері қолайлы әрі қауіпсіз етіп салынады. Оны тездетіп іске қосу үшін нысан аумағы 6 секторға бөлінген болатын. Әр секторда Жетісайға жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай және Қазығұрт аудандарының  құрылысшылары жұмыс істейді. Базардың инфрақұрылымы жақсарып,  жолы жөнделеді. Облыс басшысы Дархан Сатыбалды оқыс оқиға қайталанбауы үшін аудан, қалалардағы барлық базарлардың талапқа сай жұмыс істеуін қадағалап, қауіпсіздік шараларын тексеруді тапсырды. 

ДАРХАН САТЫБАЛДЫ – ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ – Халықтың мүддесін қорғау – бірінші мәселе. Сондықтан өрттен зардап шеккен кәсіпкерлерге көмек көрсетуді тездету керек. Жеңілдетілген несие беруді шешіп, банкке қарызы барларды қолдау қажет. Қарызды қайтару мерзімін шегеру бойынша жұмыс күшейтілсін,  

Базарға өрт қауіпсіздігі бойынша мамыр айында тексеру жүргізіліп, бірнеше кемшілік анықталып, ескерту жасалған. Оқыс оқиғаға байланысты полиция тарапынан тергеу жүріп жатыр. 

Өрттен 600-ден астам саудагер зардап шегіп, мыңнан астам сауда нүктесі жанып кеткен болатын. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды.