Келес ауданында жаңбырлатып суару әдісі арқылы шаруа қожалықтары өнімдерін еселеуде. Кәсіпкерлердің де, жергілікті атқарушы орган өкілдерінің айтуынша, құрғақшылық белең алып, су ресурстарын үнемдейтін тұста, бұл қайта өнім көлемін арттыруға таптырмас әдіс екен.
Алғашында шығындалып, кейін табысын бірнеше еселеймін дегендер жаңбырлатып суару әдісін таңдайды екен. Бұған арнамыздың түсірілім тобы көз жеткізді. Мәселен, кәсіпкер Дияр Құттыбай 13 млн теңгеге лизинг арқылы Қытайдан жаңбырлатып суаруға арналған техниканы сатып алған. Оның үстіне, мемлекет құрылғының жарты ақшасын өтеуді өз мойнына алған. Бұл технологияны алғаш қолдана сала рахатын көріп отырмын дейді кәсіпкер.
ДИЯР ҚҰТТЫБАЙ - ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ - Ол суғармайтын жерлерге арықтан суарғанға қарағанда екі есе тиімді болады. Біәріншіден, уақыт эконом, екіншіден, су эконом. Үшіншіден адамдардың жұмысын жеңілдетеді. Суғаратын кезде апарамыз, өзі шаша береді. Склейка бір түнде суарады ғой 8 гектарды. 3 мың пресс алып жатырмыз ғой 8 гектардан.
Осы технологияның, әсіресе, Келес ауданы үшін маңыздылығы жоғары. Себебі, өңірдегі арық-каналдар төмен орналасқан. Осы орайда, жауапты мамандар өзге шаруа қожалықтарына да дәл осындай технологиялар алуға көмектесіп жатыр екен.
МАДИЯР ӘШІМБАЕВ КЕЛЕС АУДАНЫ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҚ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ - Тапшылықты болдырмау мақсатында осы жобаларды қолға алып, шағын-шағын болса да, кішігірім шаруа қожалықтарда осы шаралар жақсы жұмыс атқарады. Осы жабдықты 13 млн теңгеге Қытайдан алып келіп, жарты ақшасын мемлекет төлеп, қолдау көріп отыр. Осы құрал-жабдықты алуға тағы екі жоба қатысып жатыр. Олар, 50 гектар үлкен ауқымды жерлерді суарады.
Жаңбырлатып суарудың пайдасы шаш етектен екенін біреу білер, біреу білмес. Өнімділіктің артуына бірнеше фактор арқылы әсер етеді екен. Әрбір учаскені суарып қана қоймай, дақыл егілген тұқымның желдетуін жақсартады. Оның үстіне, қажетті көлемде суды дақыл тамырына дейін жеткізеді.
️