Өңірдегі мектептерде алғашқы қоңырау қалай өтті?

207
02.09.2022 05:46

Бүгін – Жаңа оқу жылы басталды. Еліміздегі барлық мектептер  шәкірттеріне есігін айқара ашты. Облыстағы 950-ден астам  мектепте  55 мыңға жуық бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1500 балаға артық. Жалпы облыстағы мыңға жуық мектепте 511 мыңнан астам бала білім алады
Соның бірі облыс орталығындағы №19 Төле би атындағы мектебі. 

Тілі тақылдап тұрған талабы таудай оқушының аты Айғаным.  Үйінің ортаншысы. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Сондықтан әліппе ұстаған оқушы қыздың көңіл күйі ерекше. 

Түркістанның өзінде Айнұр секілді 6250 бала биыл бірінші сыныпқа барды. Ал, осы мектепке келген 146 шәкірт «Egov.kz» Электрондық үкімет порталы арқылы және ата-аналардың өтініші бойынша қабылданды. Одан бөлек рухани шаһарда  2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі осы білім ошағы. Биылғы жаңа оқу жылына сақадай сай деді мектеп директоры.  

Мектептегі алғашқы қоңырау салтанатына қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы арнайы қатысты. Сөйтіп, жаңа оқу жылында мектеп оқушылары мен мұғалімдерге сәттілік тіледі. 

Мерекелік шара шәкірттердің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Одан кейін әрқайсы сынып парталарына отырды.