Мектеп оқушыларына тосын сый. Түлкібас ауданында 600-ге жуық балаға мектепке жол акциясы аясында қолдау көрсетілді. Жомарт жандар жалпы соммасы 6 млн теңге қаражат жинаған. Сүйтіп, мұқтаж отбасылардың балаларына мектепке қажетті киім-кешек үлестірді.
Шерхан Мұртаза атындағы қайырымдылық қоры мен Састөбе цемент зауыты қайырымдылық жасауды дәстүрге айналдырған. Мәселен, бұған дейін мектеп кітапханалары, АКТ және спорт залдарын қажетті жабдықтармен жабдықтап, ауыл аймақтарда спорт алаңдарын көтеріп, киелі орындарды жаңғыртуға, мешіттер соғуға демеушілік көрсеткен болатын. Бұл жолы да олар жаңа оқу жылы қарсаңында мұқтаж жандарға көмек қолын созуды ұйғарған.
Мұқтаждарға қол ұшын созған азаматтарға кент әкімі мен ауыл тұрғындары ыстық лебіздері мен алғысын білдірді. Ауыл ақсақалдары ақ батасын берді. Бастамашы топ өкілдеріне аудан әкімі Нұрлан Байғұттың Алғыс хаты табысталды.
Бүгінде Түлкібас ауданында 600-ге жуық оқушыға мұқтаж және асыраушысынан айырылған отбасы мен көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетілді. Ол кәсіпкерлер, мекеме басшылары, әкімдік қызметкерлері мен депутаттардың демеушілігімен іске асты. Жомарт жанды азаматтардан жалпы сомасы 6 млн. теңгеден астам қаржы жиналған.
️