Түркістан облысының үшінші әкімі тағайындалды. Үкімет басшысы Әлихан Смаилов облыс әкімі лауазымына Дархан Сатыбалды мен Ұласбек Сәдібековтің кандидатурасын ұсынды. Депутатттардың көбі Дархан Сатыбалдыны қолдап дауыс берді. Ал, облысты 3 жылдай басқарған Өмірзақ Шөкеев өтінішіне сәйкес қызметінен босатылды.
ҚР Премьер министрі Әлихан Смайылов пен Президент әкімшілігінің басшысы Мұрат Нұртілеу Түркістанға арнайы келді. Бұл сапардың мақсаты облыстың әкімін тағайындау. Үкімет басшысы жаңа ереже бойынша облыс мәслихаттары депутаттарының қарауына қос бірдей кандидатты ұсынды. Алғашқысы Дархан Сатыбалды болса, кейінгісі Ұласбек Сәдібеков. Тиісінше өңірдегі халық қалаулылары ашық сайлау әдісімен өз таңдауларын жасады.
Нәтижесінде 286 депутаттың 200-і Дархан Сатыбалдының қолдаса, қалғаны Ұласбек Сәдібековті әкім ретінде көргісі келіпті.
Облыс мәслихаттарының сессиясынан соң Үкімет пен Президент әкімшілігінің басшылары облыс активімен кездесті. Жаңа әкімді аппарат құрамымен таныстырды. Сондай-ақ, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын жүзеге асыру жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Мәселен, Түркістан облысын дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспары аясында бірқатар маңызды жобаларды іске асыру көзделген, оның ішінде жаңа өнім шығару, жолдарды жаңғырту, тұрақты жұмыс орындарын құру және жалпы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту бойынша жобалар бар. Үкімет басшысы облыс әкімдігінің жұмысы халықпен тиімді диалог негізінде құрылуы тиіс екеніне назар аударды.
Облыстың жаңа басшысы Дархан Сатыбалды 48 жаста. Сарыыағаш ауданы Абай ауылында туған. Премьер-Министр Кеңсесі бөлім меңгерушісінің орынбасары, Шымкент қаласының әкімі, Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Сенат депутаты болды. Ал, 2019 жылдан осы уақытқа дейін Қазақстанның Өзбекстандағы өкілетті және төтенше елшісі лауазымын атқарды.
Өңірдің бұрынғы басшысы 58 жастағы Өмірзақ Шөкеев берген өтінішіне сәйкес қызметінен босады. Премьер-Министр Өмірзақ Шөкеевке Түркістан қаласының және өңірдің дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыс айтты.
️