National Geographic журналының өкілдері Созақта кездесу өткізді

239
31.08.2022 04:43

NATIONAL GEOGRAPHIC журналының өкілдері Созаққа барды. Теріскейдегі мектеп ұжымымен кездескен олар мерзімді басылымды білім беру ісінде қалай пайдалану керектігін үйретті. 

Сырлы Созаққа NATIONAL GEOGRAPHIC журналының өкілдері арнайы келді. 1888 жылы жарық көрген мерзімді басылым қазір әлемнің 30 еліне таралады. Қазақстанда 2016 жылдан бері тұрақты шығуда. Мақалалар ағылшыннан қазақ тіліне тікелей аударылда. Осы арқылы оқырмандар әлемдік ғылыми терең зерттеулерге, тың деректерге қаныға алады.  Осы әлемдік сападағы ғылыми контентті қазақстандық редакция «КАТКО» бірлескен компаниясының демеушілігімен Түркістан облысының барлық мектебіне қолжетімді етіп отыр.

Журнал қызметкерлерінің мектеп ұжымы мен оқушылардың басын қосуы тегін емес. Химия, биология, физика пәндерін қамтитын басылым баланың ой-өрісін жетілдіреді дейді мамандар. Одан бөлек ұстаздар да материалдарды да оқу бағдарламасына қосымша пайдаланса болады. Презентация әзірлеуге де мүмкіндік бар. Себебі мұндағы әрбір материал терең талдауларға негізделген екен.    

Одан бөлек журналдың арнайы сайты, әлеуметтік желіде парақшалары бар. Басылымдағы мақалалардың сандық форматын содан оқуға болады. Сондай-ақ ондағы QR кодтар арқылы әр оқырман тақырыпты әріден қаузай алады.  Семинар соңында мұғалімдерге журналдар таратылып, QR коды арқылы анонимді сұрақ-жауап алынды.