Жақын күндері кәсіпкерлер барлық өрт қауіпсіздігі сақталған жаңа базарға кіреді.Жетісайда базар аумағын өрт қалдықтарынан тазалау үшін 6 секторға бөлінді. Онда жақын орналасқан Мақтаарал, Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Қазығұрт аудандарынан келетін құрылысшылары тартылады. Базардағы құрылыс жұмыстары 1 айда толық бітеді деп күтілуде.
Базардағы өрт қалдықтарын тазалауға 100-ге жуық адам мен 20 техника жұмылдырылған. Жұмыс екі ауысымда, тәулік бойы атқарылып жатыр. Соңғы 1 тәуліктің өзінде базардан 60 жүк көлігімен қоқыс шығарылды. Қазіргі кезде базар аумағының 50%-ы тазартылды.
Тілсіз жаудан 613 азамат, 1119 сауда нүктесі жапа шеккен. Келтірілген шығындарды өтеу бойынша арнайы қор құрылды. Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Болатұлы өрт салдарын жою бойынша өткен штаб отырысында айтты. Қазіргі таңда кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүруде.
Ауданға арнайы келген өңір басшысы жобалаушылармен сөйлесіп, базар сызбасын дайындау керектігін айтты. Сөйтіп, 7 күннің ішінде базарды қалпына келтіруді тапсырды. Зардап шеккен кәсіпкерлерді басқа сауда орындарына уақытша орналастыру бойынша «Қарақай» сауда базарына және «Күлпаршын» базарының өрт шалмаған орындарына жайғастыру жұмыстары жүруде.
ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: «Ешкім көмексіз қалмайды. Базар басшылығы кәсіпкерлермен келіссөз жүргізіп, жанған тауар шығынын заң аясында өтеу керек. Бірінші мәселе, базарды қалпына келтіріп, тездетіп іске қосу қажет. Ол үшін жақын маңдағы аудандардан бригадалар алдырамыз. Әр секторға жөнделетін базар қатары бекітіледі. Әр павильонды 6-7 топқа бөліп, кәсіпкерлер мәселесін оңтайлы шешуді қадағалаймыз»
Аталған жайтқа байланысты тергеу басталды. Кеше өрт-техникалық , сот құрылыс сараптамасы жүргізілуде. Еске сала кетейік, өткен аптаның жұма күні Жетісайда Күлпаршын базарын қызыл жалын шарпыған болатын.
️