Түркістан облысында мектебі жоқ ауыл бар. Қазығұрт ауданы Қақпақ ауылдық округіне қарасты Сырлысай елді мекенінде бұған дейін үлкен білім ошағы болған емес. Балалар бастауышты бітірген соң көрші ауылдарға қатынап оқитын. Енді олқылық түзетілді. Қазірде ауылда жаңа оқу ордасы бой түзеп жатыр. Ақжолтай жаңалыққа халық дән риза.
Сырлысай елді мекенінде 100-дей түтін бар. Барлығы 500-дей адам тұрады. Осыдан 10-15 жыл бұрын бұл елді мекенде мүлдем мектеп болмапты. Балалар 4-5 шақырым жердегі көрші ауылдарға барып, білім алған. Кейін 4 жылдық бастауыш мектеп салынған. Ал жоғарғы сынып оқушылары әлі күнге дейін сол ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр болды.
ТОҚТАГҮЛ ЖҮНІСОВА - СЫРЛЫСАЙ ЕЛДІ МЕКЕНІНІҢ ТҰРҒЫНЫ: «Бастауыш мектебіміз бар 4 жылдық. Оны бітіргеннен кейін Бағыс ауылына барады, Қақпаққа барады. Шаршады балалар. Өзіміз, ата-аналар да шаршадық. Міне әйтеуір мектебіміз басталып, бітудің алдында тұр. Ауылдың ақсақалдары, өзім де осы мектепке келіп, тексеріп, қарап тұрамын. Жақсы, қарқынды істеп жатыр. Келешекте осы балаларымыз осы мектептен білім алып, мықты-мықты еліміздің азаматы болып шықса, біздің арман-мақсатымыз сол».
Ауыл тұрғындарының арманына айналған заманауи мектептің құрылысы өткен жылы басталды. Қазір 3 қабатты білім ұясының құрылысы толық аяқталуға жақын. Алдағы қараша айында тапсырылады. 200 орындық мектепте балалардың алаңсыз білім алып, зерделі болып өсуіне барлық жағдай жасалған. Асхана, спорт, концерт залдары қарастырылған. Бұдан бөлек ауданда тағы бірнеше мектептің құрылысы жүріп жатыр екен.
НҰРСҰЛТАН МЕДЕУОВ- АУДАНДЫҚ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: «Жалпы ауданда 7 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі биыл тапсыруды жоспаралп отырмыз. Оның бірі – осы Сырлысай елді мекеніндегі 200 орындық мектеп, екіншісі Рабаттағы 200 орындық мектеп. Қалған 5 мектеп 2023 жылға өтпелі болып тұр. Келесі жылы сол 5 мектепті тапсырамыз».
Бұдан бөлек, Қазығұрт ауданында 2 мәдениет үйі мен 2 фельшерлік аккушерлік пункттің және 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Алдағы желтоқсан айындағы бірнеше ғимарат тапсырылады деп жоспарлануда.
️