Түркістан облысында тамыз конференциясы өтті

394
25.08.2022 04:23

Балабақша саны бойынша Қазақстанда көш басындамыз, алайда сапасы жөнінде сөз қозғау қиын. Миллиардтаған қаржы желге ұшып жатыр. Колледждердегі де білім беру көңіл көншітпейді. Өйткені нақты арнаулы оқу орнына барып дәріс алатындардың саны тым аз. Көбісі іс жүзінде сырттай оқиды. Бұл дәстүрлі тамыз кеңесінде қаузалған түйіткілді мәселелердің бір парасы ғана. Ақжолтай ақпарат та жоқ емес . Түркістан облысындағы 11 мектеп еліміздегі үздік 100 білім ошағының қатарына еніпті. Келелі жиын турасында Жандос Тастемір толығырақ айтып береді. 

Дәстүрлі тамыз кеңесінің мақсаты жетістіктерді айтып мақтану емес, кемшіліктерді көрсетіп, шешу жолын қарастыру. Келелі жиынға қатысқан облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев осылай дейді. Аймақ басшысы солардың бірсыпырасын қозғады. Алғашқысы қазір білім бөлімдері аудандық әкімдікке емес,тікелей  облыстық басқармаға қарайды. Облыс басшысы бұл бастамаға қарсы екен. Өйкені, облыстың өзінде 980 мектеп бар. Оны бір орталықтан басқару мүмкін емес дейді. 

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ - Одан өзге облыста 30-колледж бар. Ондада білім беру жүйесі ақсап тұр. Көп студенттердің оқиды деген аты ғана.  Сабаққа бармайды. Бұл арқылы біз балалардың болашағына балта шауып жүрміз деді-ол. 

Түркістан облысы мектепке дейінгі ұйым саны жөнінен көш бастап тұр. Алайда сапасы жағынан сөз қозғау қиын. Бұған дейін  балалабақшалар бір бала үшін мемлекеттен  25 мың мен 33 мың теңге арасында қаржы алып келген. Соңғы кезде мемлекеттік тапсырыс аламыз деп көздері қызарған меңгерушілердің бөбектерді тәрбиелеп жатырмыз деп жалған есеп беруі көбейген.  

Десек те облыстың бас ұстазы бұл мәселе биыл оңтайланады дейді. Енді барлық балабақшаларда кезекке қою, жолдама беру, қабылдау  автоматтандырылған жүйеге көшеді.  

ДІНИСЛАМ БОЛАТХАНҰЛЫ – АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ  - Ел арасында директорлардың бір мектепті бірнеше жыл бойы басқарып жүргендігі аз айтылып жүрген жоқ. Сондықтан осы жылы облыста 224 білім беру ұйымының басшылары ротацияланады. Сондай-ақ, бұрыңғыдай Қамқоршылар кеңесі қайта құрылып, аттестациядан өткізу жұмыстары жүреді. Сөйтіп,  білім беру ұйымдарының басшыларына жетістігін бағалайтын KPI жүйесі қойылады. Осыған сәйкес, мектеп, колледж басшыларының жалақысы көбейеді. 

Игі істердің бірі Облыстағы 17 аудан-қалада тірек мектептер жасақталады.  Жоба аясында НЗМ мектептері оқу-әдістемелік сүйемелдеу жүргізбек.  

Айтпақшы, Өткен оқу жылында 11-сыныпты 30049 түлек бітіріп шықты. Оның   1431-і «Алтын белгі» иегері атанса, 2211 оқушы «Үздік» аттестатпен бітірді. Ендігі жылдан бастап мектеп, колледждердің білім сапасы ЖОО-на грант негізінде түскен түлектерінің үлесімен бағаланады. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша республика көлемінде «100 үздік мектеп» тізімі жасақталған. Оған Түркістан облысының  11 мектебі еніп отыр.