Шардарада шекарашылар күні атап өтілді

584
23.08.2022 08:30

Биыл еліміздің шекара қызметінің құрылғанына 30 жыл. Ел тыныштығы үшін күндіз-түні күзетте тұратын шекарашылардың кәсіби мерекесін жыл сайын 18 тамызда атап өтеміз. Мереке күні Шардара шекара бөлімінде салтанатты шара ұйымдастырылды. 

Шекарашылар күніне орай ұйымдастырылған шараға отан қорғап жүрген әскерилермен бірге осы саланың ардагерлері және жастар қатысты. Кәсіби мерекеде бірқатар шекарашы адал қызметі үшін марапат алды. 

Ықшам әскери киім киіп, бір сызықтың бойына сымдай тартыла сап түзеген сарбаздардың қатарында қазақстанның туын ұстаған жастар да тұрды. Шараға жастарды қатыстырудың өз сыры бар. 

БАУЫРЖАН ШОМПИЕВ - ШАРДАРА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - Бірінші мақсат – жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа, одан кейін мына әскери қызметке дайын болуы мақсатында осындай іс-шаралар жоспары түзілген. // тек қана жастар емес ардагерлерді де қатыстырып отырмыз. Мұндағы мақсат – ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру. Жастарды тек қана әскери қызметтің өмірімен таныстыру емес, оның қиыншылықтарымен таныстыру мақсатында осындай іс-шара өткізіліп отыр. 

Шарада сөз сөйлеген ардагерлер шекарашылардың отан алдындағы борышын мүлтіксіз атқаруына тілектестік білдірді. Еліміздің келбеті саналатын шекара қызметінің сарбаздарына зор міндет артылатынын, оны абыроймен алып шығу үшін барын салу қажеттігін айтты. 

ӘЛИАСҚАР ШЕРАЛИЕВ - ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ОРТАЛЫҚ ЖЕТЕКШІСІ  - Басқа мемлекеттен бізге азаматтар кірсе де бірінші шекарашылар күтіп алады. Ол біздің бетіміз, реңіміз, мемлекеттің туы да сол шекарашыларда болады. Біз мына жерде құмдамыз. Именно Шардара аймағында Өзбекстанмен шекаралас болғаннан кейін күннің ыстығында өзіміздің сарбаздарымыз шыдап жатыр. 

Күннің ыстығы мен суығын елемейтін шекарашылар кез-келген жағдайға тас-түйін дайын. Мұндағы сарбаздар патриоттықты алғашқы орынға қойған. 

АБЫЛАЙ НӘРЗІЛДӘ  - ШЕКАРАШЫ - Ең бірінші қасиет патриоттық қасиет. Осы мемлекеттік шекараны күзетем, елімді күзетем, елім үшін жанымды қиямын деген. Екінші қасиет ол – адалдық. Еліне деген адалдығы. Қиын қыстау кезде елім, жерім деп елін күзететін, ел үшін жанын қиятын қасет керек. Үшіншіден батырлық қасиет. Ер азамат болғаннан кейін қиын қыстау кезеңнен өтеді. Әскери қызметшілер күнделікті жауынгерлік іс-қимылдар арасында жүреді. Жауынгерлік іс-қимыл арасында өз ісін нақты ұйымдастыра білетін және соны қолдана білетін батырлық қасиет болу керек. 

Әрбір сөзі нық әрі сенімді, қызметіне мығым осындай азаматтар жиналған шекара қызметі қандай құрметке болса да лайық.