Отырарда Шәмші Қалдаяқовтың туған күні тойланды

504
17.08.2022 04:19

15 тамызда аты аңызға айналған сазгер, қазақ вальсінің королі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 92 жыл толды. Ұлы даланы ән бесігінде тербеткен дара тұлғаның рухына композитордың атындағы облыстық филармония ұжымы құрмет көрсетті. Отырар ауданы Шәмші ауылында «әнім сен едің» атты концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Осы шараның басы қасында болған Нұрдәулет Сыздықтың репортажы.

Шәмші Қалдаяқов 1930 жылы 15 тамызда Отырар ауданы Шәуілдір ауылында дүниеге келген. Сазгердің сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді. Биыл «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовқа ерекше құрмет көрсетілді. Мемлекет басшысының Жарлығымен қазақ музыка өнерін дамытудағы айрықша еңбегі үшін композиторға– «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.  

Композитор «Ақмаңдайлым», «Ана туралы жыр», «Бақыт құшағында», «Арыс жағасында», «Сыған серенадасы», «Теріскей», «Әнім сен едің», «Ақ ерке - Ақ Жайық» сынды ел сүйіп тыңдайтын үш жүзге тарта ән жазған. Мектеп мұғалімі Қарлығаш Махамбет жас жеткіншектерге шет ел әндері емес, осындай қазақ әуендері көптеп нәсихатталуы қажет екенін айтады.

Кеш қонақтары ән падишасының музей үйін тамашалады. Сонымен қатар театрландырылған қойылымда композитордың өнегелі өмір жолы бейнеленді. Ал, Мәдени жиында Шәмші Қалдаяқовқа арналған сурет және кітап көрмесі кеш қонақтарының Композитор жайлы естеліктермен толық танысуына мүмкіндік ашты. 

Концерттік бағдарламаның негізгі қонақтарының бірі Райхан Қалдаяқ. Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы дәстүрге айналған бұл мерекенің берері мол және ауыл тұрғындарына ерекше көңіл күй сыйлайтынын жеткізді.

Шәмші шығармашылығының шырағын сөндірмес үшін ауданда көптеген мәдени және оқыту орталықтары жұмыс істейді. Өмірін өнермен өрнектеймін дейтін жастарға аудан әкімшілігі де өз тарапынан қолдау көрсететіндігін айтады.