Әкеміз тіріліп келгендей қуандық. Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевпен кездескен Мырзашөл өңірінің тұрғындары осылай дейді. Бұрынғылар ат ізін салмайтын деп қынжылды олар. Жетісай мен Мақтарал аудандарының халқы аймақ басшысына билік пен бұқараның арасы осылай жақындап келе жатқанына қуанышты екендіктерін жеткізді. Сондай-ақ жиында төбе көрсеткендер Өмірзақ Естайұлына түйіткілді мәселелерін айтып қалуға тырысты.
Жетісай мен Мақтарал облыс орталығы Түркістан қаласынан ең шалғай жатқан аудандардың бірі. Өңірдің халқы да тығыз орналасқан. Бірер жыл бұрын ғана екіге бөлінген аудан тұрғындарының санын қоса есептегенде 300 мыңнан асып жығылады. Азаматтардың көбі ауыл шаруашылығына бейім. Өмірзақ Шөкеев аграрлы өңірге жыл басынан бері екінші рет табан тіреп отыр. Алғашқы сапарында Жетісай ауданының өзінде тұрғындар тарапынан 31 мәселе көтеріліпті. Олардың қатарында инфрақұрылым , абаттандыру , білім беру , ауыл шаруашылығы сынды салаларда қордаланған мәселелер бар. Аймақ басшысы араға 4 ай салып сол түйіткілдердің 18-і шешілгенін айтты. Қалған 13-і қатаң бақылауда жүзеге асып жатқанын жеткізді.
Аудан халқы еңбекке бейім екенін айттық. Көктем шыға соқа салып күзде қамбасын толтыратын олар өңірде енді өндіріс орындары көптеп ашылса дейді. Ол үшін Индустриалды аймақ қажет. Тұрғындар тынысын кеңейтіп жұмыссыздық санын азайту үшін арнайы аймаққа жер бөліп, инфрақұрылым жеткізіп беруін сұрады.
Бұл мәселе де Өмірзақ Естайұлының назарында екен. Қазірде Асық ата кентінен индустриалды аймаққа қажетті жер бөлінген. Құжаттары әзірлену үстінде. Одан өзге әкімнің халықпен кездесуі барысында атаулы әлеуметтік көмек алу, инфрақұрылым, мектеп салу сынды өзекті түйіткілдер қозғалды. Тұрғындар әкімнің бұлай келісі жергілікті жерде қордаланған мәселелердің уақытылы шешілуіне сеп болмақ дейді.
Жетісайдан соң облыс әкімі Мақтаарал ауданына ат басын бұрды. Өңір тұрғындары аймақ басшысын жақсы таниды. Өйткені өткен жылдың 5 айында Өмірзақ Естайұлы ауданға 35 рет келген екен. Қадағалаудың арқасында Мақтаралдың апаттан соңғы жаңа кескін -келбеті қалыптасты. Енді ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту өзекті болып тұр. Президенттің тапсырмасына сәйкес әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орны ашылуы тиіс.
Жаңа оқу жылы да басталуға таяды. Әлеуметтік осал топтың өкілдері, әсіресе көпбалалы ата аналар ұл қыздарының мектеп формасын қалай алып берерін білмей дал болып жүр. Өткен жылдардағыдай биыл киім кешек қолға ұстатылмады. Көпшілік бұл мәселенің де қалай шешілетінін әкімнен сұрап білді.
Өңірдегі өзекті мәселенің бірі газ тарту. Осыған дейін облыста көгілдір отынның берілуіне қатысты 258 нүктеде түйткіл болған екен. Алайда Өмірзақ Естайұлының бастамасымен мәселенің 90 пайызы оң шешілген. Биыл да Мақтарал ауданын газбен қамту көрсеткіші жоғарыламақ. Ол үшін бюджеттен 5 млрд теңге жуық қаражат бөлінген. 9 нысан жыл соңына дейін қолданысқа беріледі. Одан бөлек биыл өңір шаруаларының бүйірі толды. Ауа райы егістікке қолайлы болып, өнім көлемі артты. Бағасы да көңілге қонымды. Дихандар орташа әр гектардан 4-5 млн теңге тапқан. Жиын соңы Екі ауданда да әкімнің тұрғындарды жеке қабылдауымен аяқталды.
️