Биыл облыста 34 жаңа мектеп ашылады. Бұл туралы облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Аманат партиясы фракциясының жиынында айтты. Одан бөлек 3 апатты және 1 үш ауысымды мектептің мәселесін шешу биылғы жылдың еншісінде. Құрылысы тұралап қалған мектептер де бар. мерзімінен кешіккен мердігерлерге айыппұл салынған.
Республикада дүниеге келген әрбір бесінші бала Түркістан облысында өмір есігін ашады. Сондықтан мектеп тапшылығы әлі де өзекті болып отыр. Қазір облыста 59 оқу ордасының құрылысы жүріп жатыр. Ол үшін қазынадан 20,5 млрд. теңге қаралған. 1,8 млрд.теңге «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы арқылы,қалғаны республикалық және облыстық бюджеттен жүзеге асуда. Оның 21-і қыркүйекте, қалған 16-сы жыл соңына дейін тапсырылады деп күтілуде. 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізуге облыстық қазынадан және «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржы бөлінді.
ДІНИСЛАМ БОЛАТХАНҰЛЫ - ОБЛЫСТЫҚ АДАМИ ӘЛЕУЕТТІ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ - «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы аясында 23 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 2 886,8 млн.теңге қаржы бөлініп, оның 15 мектебінде жарияланған конкурс нәтижесі анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. 8 мектепке Республикалық бюджеттен мамыр айының соңында қаржы қаралуына байланысты мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланды. Облыстық бюджет қаржысы есебінен 9 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 1 125,8 млн.теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда, 5 мектепке жарияланған конкурс нәтижесі анықталып, тиісті жұмыстар атқарылуда. 4 мектепке мамыр айындағы бюджетті нақтылау барысында қаржы қаралуына байланысты мемлекеттік сатып алу басқармасы тарапынан конкурс жарияланды.»
Сарыағаш,Түлкібас,Отырарда 1, Келес Ордабасы,Жетісай Қазығұртта 2 мектептің құрылысы тоқтап тұр. Жұмысына салғырт қараған мердігер мен қадағалаушы компанияға 7,1 млн.тг айыппұл салынды. Жетісай мен Сарыағашта мектеп құрылыс жұмыстары жүйелі. Сондықтан мерзімінен бұрын аяқталуы мүмкін.
ТОҚТАР УСУБАЛИЕВ - ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ҚҰРЫЛЫС БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ-«Пайдалануға тапсырылатын 21 мектептің 5-і (Бәйдібек, Түлкібас, Келес, Мақтаарал, Сарыағаш) қыркүйек айында пайдалануға беріледі. Бүгінгі таңда, Мақтаарал ауданында 1 мектептің құрылысы толық аяқталған. Қалған 16 мектептің құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.Одан бөлек, қосымша 2 мектептің (Жетісай, Сарыағаш) құрылыс жұмыстарын мерзімінен бұрын жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда».
Былтыр облыста 77 мектеп пайдалануға берілді. Оның 41-і бюджет қаржысына салынса, қалған 36-сы жеке кәсіпкер есебінен жүрді. Алдағы 3 жылда 105 мектеп салу жоспарда бар.
️