Атырау облысы әкімінің орынбасары болған Бақытгүл Хаменова қызметінен кетті. Оның орнына екі орынбасар тағайындалған. Атырау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бақытгүл Хаменова 3 тамызда қызметінен босатылған. Бүгін оның ісіне қатысты Атыраудағы №2 қалалық сотта екінші отырысы өтті. Айыптау актісі оқылғаннан кейін Бақытгүл Хаменова айыптаулармен келіспейтінін айтты. Сондай-ақ Мәдениет басқармасының экс-басшысы Ақылбек Рысқалиев мердігер мекеме мен облыс әкімінің орынбасары Хаменованың арасында тек делдалдық қызмет атқарғанын жеткізді. Ал пара берді деген күдікке ілінген «Балқыту» ЖШС-і директоры Өміртай Адамов өз кінәсін мойындады. Сот отырысында Хаменованың адвокаты үйқамаққа шығаруды сұрады. Бірақ прокурор бұл өтінішке қарсылық білдірді. Естеріңізге сала кетейік, Бақытгүл Хаменова Абай ескерткішін орнататын компаниядан аса ірі көлемде пара алғаны үшін айыпталып, қамауға алынған еді.
️