Бірнеше өңірде балабақшамен қамту жоспары дұрыс орындалмаған

271
10.08.2022 04:50

Еліміздің кей өңірлерінде балабақшамен қамту жоспары дұрыс орындалмаған. Мәселен Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Ақтөбе, Павлодар, Атырау облыстарында жыл басталғалы тек мың орындық балабақша ғана ашылған. Яғни мектепке дейінгі мекемелердің тапшылығы осы халық көп шоғырланған аймақтарда байқалады. Бұл туралы Үкімет отырысында Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты. Оның сөзінше, еліміз бойынша жыл соңына дейін 34 мың орынға арналған 322 балабақша ашу жоспарда бар. Министр әкімдіктерден осы бағыттағы жұмысты белсенді жүргізуді сұрады. Ал Премьер-Министр мектепке дейінгі ұйымдар қызметінің сапасын арттыру үшін министрге бірінші қарашаға дейін осы мекемелерді лицензиялау мәселелерін пысықтауды тапсырды.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ – ҚР  ОҚУ – АҒАРТУ МИНИСТРІ - Былтырғы іс-шаралар бойынша жоспар 100 пайыз орындалды. Биылғы 6 ай бойынша жұмыс жоспарға сай жүргізіліп жатыр. Біз былтыр 534 балабақша ашып, 47 мың орынды іске қостық. Республикалық көрсеткішке қол жеткізілді. Алайда 6 облыс өздерінің жоспарларын толық орындамады. Мысалы, былтыр Алматы облысында балабақшаларда 14 мыңнан астам орын, ал Алматы қаласында 5 мыңнан астам орын ашылса, бұл – өте жақсы көрсеткіш. Ал адам көп орналасқан Түркістан және Қызылорда облыстарында тек  мыңға жуық орын пайдалануға берілген. Бұл – жеткіліксіз.