Оралда көшенің қақ ортасында кәсіпкерді өлтіріп кеткен күдіктілер ұсталды. Енді олардың қылмысы дәлелденсе, өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Құқық қорғау органдары хабарлауынша, олар саяжайлардың бірінде қолға түскен. Естеріңізге сала кетейік, 6 тамыз күні сағат 20:00 шамасында 48 жастағы Еркін Мұханғалиевті өлтіріп кетті. Кәсіпкер пышақ жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Куәгерлердің айтуынша, кісі өлтіруге жалақының төленбеуіне байланысты туған тұрмыстық жанжал себеп болған. Аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 1991 жылы туған Қожантаев Руслан Фархатұлы мен 2001 жылы туған Амангелді Тұрлан Сырлыбайұлына іздеу жарияланды. Күдіктілердің уахабизм немесе басқа деструктивті діни ағымды ұстанатыны, сондай-ақ радикалды идеяларды таратқаны туралы ақпарат жоқ.
️