Түркістандық тоққа түсіп қаза болды

580
23.07.2022 09:40

Түркістандық тұрғын өз үйінде суға түсіп жатқанда тоққа түсіп қаза болды. Оқиға Отырар мөлтек ауданында болған. Қайғылы жағдайға куә болған көршілердің айтуынша 52 жастағы әйел адамның мәйітін ваннамен бірге терезеден алып шығыпты. Мұны көзімен көрген тұрғындар шомылуға қорқып қалдық дейді. Өйткені осы тектес жағдай бір емес бірнеше рет қайталаныпты.   

Бұл осыдан 2-3 жыл бұрын ғана қолданысқа берілген «Отырар» мөлтек ауданындағы №18 үй. Нақ осы көпқабатты баспананың 52 -жастағы тұрғыны 19-шілде күні тоққа түсіп көз жұмды. Марқұмның көршілері оның жуынатын бөлмеде суға түсіп жатқанда жан тәсілім еткенін айтады. Бүкіл мөлтек аудан тұрғындары жаға ұстатқан қайғылы жағдайдан  соң, шомылуға да қорқып қалдық дейді. 

БЕКМЫРЗА МАХАМБЕТОВ – МАРҚҰМНЫҢ КӨРШІСІ 

Күні кеше әйел кісі ваннаға түсіп жатып тоққа түсіп өлген. Ол енді ертең бала-шағамыз түседі, біреу тоққа түсіп өліп жатса оны кім қарап жатады?кеш болады уже.тағы да адам шығыны болмасын десеңіздер қолға алып әрі қарай қараңыздар,мынау қазір 21-ғасырда әкімшіліктің ,құзырлы органдардың тексеру мүмкіншілігі бар.сол үшін қолға алуын сұраймыз,міндеттемейміз,сұраймыз!

 Қайғылы жағдайдың орын алғанын Түркістан облыстық полиция департаменті де растап отыр.

Тұрғындардың алаңдайтын да орны бар. Өйткені аталған мөлтекауданда осы тектес қайғылы жағдай бір емес бірнеше рет болған. Сөздеріне сенсек мұндағы электр желілері дұрыс жүргізілмеген дейді. Тиісінше қысқа тұйықталу жиі болып, жарық көп сөнетін көрінеді. 

ЗӘУРЕ ЕРЗАҚОВА – ТҰРҒЫН 

Мен көшіп келгелі бері тоқ ұрды.содан ортаға ватсаппқа шықтым көршілер тоқ ұрып жатқан жоқ па деп көршілердің бәрінен сұрадым бәрінде тоқ бар екен. Сол кезде мердігер келді кейін сол күйі қалды.

Тұрғындар тоқтың ғана тауқыметін тартып отырған жоқ.  Ауыз судың да қолжетімсіз болып қалатын кездері көп екен. Сондай-ақ әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген баспаналардың балконы тым ашық деп налып отыр. Соның да кесірінен осыдан бір ай бұрын ғана  7 айлық сәби 4-ші қабаттан құлап шетінеген.

 СНХ: АЙГҮЛ САНСЫЗБАЕВА - ТҰРҒЫН 

Мына жердің балконының астын дұрыс жаппаған.үлкен,кішкентай балалар түсіп кетеді.бір бала 4-этаждан түсіп кетіп қайтыс болды.немерелеріме уайымдап күні-түні ұйықтамаймыз балконнан

 Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар мәселені өз күшімізбен шешуге жағдайымыз жетпейді деп отыр. Сондықтан жауапты органдардан электр сымдарын тексертіп берсе екен деген тілегін білдірді.