Түркістандық тұрғын жоғарғы соттың алдында өз өзін өртемек болды

296
23.07.2022 09:29

Түркістандық азамат Жоғарғы соттың алдында өз-өзіне бензин құйып өртемек болды. 33 жастағы жігіттің бұл әрекетіне судьяның үкімі бұрмаланып кете ме деген көңіліндегі күдігі себеп болған.  Елорда полицейлерін аяғынан тік тұрғызған жағдайдың жай-жапсарын Айдос Игіліков айтып береді. 

 Осыдан бірнеше күн бұрын Елордалық полицейлер аяғынан тік тұрды. Ғимарат төңірегіндегі күзеттің күшеюіне маңайына ешкімді жолатпай тұрған мына Түркістандық азаматтың акциясы себеп... Үстіне жанармай шашып, полицейлерге қоқан-лоқы жасап тұрған азаматтың аты-жөні  Айкен Мәліков. Мұндай қадамға баруына  Саунадағы сойқаннан көз жұмған туған  інісінің өлімі себеп екен. Жан-жағынан жабылып ұрған жігіттер жазадан құтылып кете ме деп қорыққан. 

Қазіргі сәтте өзіне өрт қоймақ болған жігіт қамауда.  Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаментіндегілер аталған деректі растады. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 33 жастағы ер азаматқа қатысты "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалған.

ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА - НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ.   Полицейлерге 19 шілде күні сағат 15.10 шамасында Жоғарғы сот ғимараты алдында белгісіз ер кісі өзін-өзі өртеуге оқталып тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Оқиға орнына дереу жеткен тәртіп сақшылары оқыс оқиғаның алдын алды. Мән-жайды анықтау барысында ер кісінің мұндай қадамға баруына Түркістан облыстық сотының процессуалдық әрекеті себеп болғаны анықталды. Қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 33 жастағы ер азаматқа қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің "Ұсақ бұзақылық" бабы бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешіміне сәйкес ол 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынды

Естеріңізге сала етейік суицидке бармақ болған азаматтың туған інісін осыдан 8 ай бұрын 5-6 жігіт жабылып ұрған болатын. 2021 жылдың 5-қарашасында ол туған інісі Еламан Мәліковті жер қойнына тапсырды. 27 жастағы жігіт жұмыстан кейін достарымен бірге саунаға барып, ондағы қызметкерлермен арада жанжал туған. Сол кезде күзетшілер төрт жігітті соққыға жыққан. Еламан Мәліков ауыр дене жарақаттарымен есін жимастан ауруханада жан тапсырған болатын. Кісі өлімімен аяқталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа өткен. Алайда марқұмның туыстары қозғалған істен шикілік шыға ма деп қорқыпты. Бауырының өзіне қол жұмсамақ болуына да осы себеп.

АЙКЕН МӘЛІКОВ, МАРҚҰМНЫҢ АҒАСЫ: «Осы сауна Қарабаев деген Әл Фараби аудандық ішкі істер басқармасының басшысы соның кешені болғандықтан Сайрам аудандық ішкі істер басқармасына қысым жасалған болуы мүмкін. Ішкі істер қызметкерлері ешқандай жұмыс атқармаған. Менің бауырымды адамдар тобы боп аса қатыгездікпен өлтіргені бойынша 1-ақ адамды күдікті деп ұстап, Аширбаев А.А деген Сайрам аудандық сотының судьясы ол күдіктіні үй қамаққа жіберген.  Біздің Қазақстанда қашан сыйбайлас жемқорлық бітеді?

Бірақ күні кеше Сайрам аудандық соты кісі өлтірген азаматтарға шешім шығарды. Қылмыстық іске қатысты екі азаматқа 8 және 9 жылдан бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалса, қалған 3 азаматқа 2,5 жыл шартты жаза кесілді.