Соңғы қоңырау енді әдеттегідей 25 мамырда емес, 31 мамырда соғылады. Бұл туралы - ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді. Олардың сөзінше Мамандар оқу жылын маусым айының соңына дейін ұзарту және оқу жылын 20 тамыздан бастау мәселесін қарауды сұрап, министрлікке бірнеше рет жүгінген. Оған себеп еліміздегі оқу күндерінің жалпы саны шамамен 150 күн болса, дамыған елдерде бұл шамамен 200 күн екен. Сондықтан оқу апталарының қосылуы күнделікті сабақтың санын, яғни мұғалімнің де, оқушының да күнделікті оқу жүктемесін азайтатынын айтып отыр. Бұл педагогтер жұмысының тиімділігін арттырып, оқушылардың материалды меңгеруіне ықпал етпек.
ШОЛПАН КАРИНОВА, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ I ВИЦЕ-МИНИСТРІ:
- Біз ғалымдар, психологтар, ата-аналар мен педагогтерден құралған жұмыс тобын құрдық. Халықаралық тәжірибе де зерделенді. Жұмыс тобы мамандардың ұсыныстарын қолдамай, баламалы ұсыныс енгізді: оқу жылының басталу мерзімін өзгертпей, оны бұрынғыдай 1 қыркүйекте қалдыру, ал оқу жылының аяқталу мерзімін 31 мамырға белгілеу. Осылайша, каникулға шығудың айырмашылығы небәрі 5 күн болады.
️