Теміртаулық Евгений Бондаренко жол талғамайтын Бэтмобиль құрастырды. Бала кезден Бэтмен анимациялық фильмін қызыға көріп өскен ол басты кейіпкердің астындағы темір тұлпарына қатты қызыққан екен. Оны неге біздің елде құрастырып шықпасқа деген ойда болыпты. Осылайша, алғашқыда оның эскизін қағаз бетіне түсірген. Содан кейін қызғушылығы оянып, кейін бұл іс оның хоббиіне айналған. Жай ғана сызбаны шындыққа айналдырып, оны құрастырып шығу үшін 3 жыл уақытын сарп етіпті. Енді Евгений көлігін көрмеге шығарып ақша табуға ниеттеніп отыр. Оны көргендер видеоға және суретке түсетін көрінеді. Сондай-ақ 30 жастағы азамат мұнымен тоқтап қалмай, алдағы уақытта бірнеше жол талғамайтын көліктерді жасап шығуды жоспарлап отыр.
️