Полиция сервисі іске қосылды

454
21.07.2022 05:09

Полиция қызметкерлері өздеріне деген халықтың сенімін күшейтпек ниетте. Ол үшін жаңа тәсілмен жұмыс істеп көрмек. Сенімге кіру үшін қаламызда «Полиция сервисі» құрылды. Жаңа құрылым қалай жұмыс істейді, жұрттың өздеріне деген сенімін қалай арттырады? 

Қаламызда құрылған жаңа сервистің басты қағидалары ашықтық және есеп беру, мейірімділік пен құрмет, танымалдылық пен қолжетімділік. Басты мақсат құқық бұзушылықтардың алдын алып, қылмысқа қарсы күресті кеңінен, жан-жақты жүргізу. Азаматтардың тұру аймағындағы қауіпсіздігін арттыру. 

ЗУППАРХАН ЧАЛДАНОВ, ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ВҚҚТ ТОП МҮШЕСІ:

- Қолданыстағы полицияның модельінде қоғамның қауіпсіздігі үшін полиция жауапты деген психологиялық менталитет қалыптасқан. Полицияның сервистік модельі енген жағдайда құқық қорғау органдары, атқарушы билік органдар өкілдері, университеттер, кәсіподақтар яғни кез келген қоғам мүшесі қоғам қауіпсіздігі үшін жауапты болады. 

Аталмыш бастама ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына жолдауында, полицияның сервистік моделіне көшу бойынша барлық өңірлерге тапсырмасы аясында жүзеге асырылған. Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы «Полиция сервисі» облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасымен бірлесе жұмыс жасауда. 

МАРИЯ САРТАЙҚЫЗЫ, ӘЛЕУМЕТТІК ҚЫЗМЕТ  КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ КММ -НЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ СҮЙЕМЕЛДЕУ СЕКТОРЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

- Әлеуметтік психология сүйемелдеу секторы қазіргі таңда «Полиция сервисімен» бірлесе отырып жұмыс жасап отырмыз. Бізге жеке әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторына 6 айдың ішінде 154 азамат өтініш білдірген болатын. Сол өтініштер аясында біз құқық қорғау қызметкерлерімен бірігіп осы өтініштермен жұмыс жасаудамыз. 

«Полиция сервисі» ашылған 9 ай ішінде олар мәселелерді шешіп, қылмыстың алдын алумен айналысып келеді. Мәселен қала тұрғыны Рана Муталипованың келіп түскен өтініші бойынша бүгін әлеуметтік психологиялық сүйемелдеу секторы мен «Полиция сервисі» бірлесе отырып, мәселені қолға алды. Олар ішімдікке салынған күйеуінен қорлық көрген жәбірленушінің арыз шағымын тыңдап, жұмыспен қамтуды жоспарлады. Әлеуметтік азық-түліктермен қамтамасыз етіп, көмек көрсетті.  

РАНА МУТАЛИПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Рақмет осылай көмек көрсетіп жатқандарыңызға. Күйеуім осылай ішіп, жәбір көрсетіп жатқанын айтып өтініш жасағанымда дереу келіп, көмек көрсеткендеріңізге рақмет.