Төлеби ауданында жылдан жылға суармалы егістік көлемін ұлғайту жұмыстары жүргізілуде. Әрі егістікті әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Мәселен, Бірінші мамыр округіне қарасты Алғабас ауылының тұрғыны таулы аймаққа бейім құлпынай жемісін егіп, күніне 100 келіге дейін өнім жинап отыр.
Төлеби ауданының 306 мың гектар жері бар. Соның ішінде ауылшаруашылық бағытта 94 мың гектар алқапты игеріп отыр. Ауыл шаруашылығының арқасында толағай табыстарға қол жеткізіп отырғандардың бірі - Қанат Женбаев. Биыл жарты гектар аумаққа 20 мың түп құлпынай көшетін отырғызған. Бүгінде ол, күнделікті алынған өнімін аудандағы сауда орталықтарына саудалауда.
ҚАНАТ ЖЕНБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Көшетін 150 теңгеден аласың. Бұған 18 -20 мыңға жуық көшет кетеді. Бір еккенде. 150 теңгеден 18 мыңды есептегенде Есептеу керек капелный шланга аласыз. Жұмысшы жалдайсыз. Солардың бәрі шығын ғой. Құлпынайдың жақсы пайдасы бір рет егесің үш жыл тұрады. Үш жыл тересіз үш жылдан соң басқа орынға ауыстырасыз.
Тау бөктеріне ағын су шығару қиын. Оның үстіне ауылда су тапшылығы жылдан жылға негізгі мәселеге айналып келеді. Бұл түйткілдің жалғыз түйіні тамшылатып суару. Қанат та өнімді мол алу үшін тамшылатып суару әдісін қолданыпты. Тіпті қазір ауыл диқандары осы әдістің тиімділігін көріп, жаппай осы тәсілге көшуде.
ҚАНАТ ЖЕНБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҚТЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
- Тамшылатып суару жағын айтайын. Жоғарыда өзімнің бөшкем бар. 7 тонналық. Соған артизан қаздырғам. 56 метрден шықты су. Содан су тартамыз свет арқылы. 32-лік шлангамен ағады су. Сонымен прямой толтырып ап суара береміз. Общем суарғанда бөліп, бөліп суарамын. Жаппай суара алмайсын оны. Бөшкеде су жетпейді.
Ауыл тұрғындары Қанатты «құлпынайшы Қанат» деп атап кеткен. Ол да өз кезегінде құлпынай егу ісін өзгелерге үгіттеп, бар білгенін үйретуден шаршамайды. Ең бастысы – құнарлы жер дайындап, құлпынайға дұрыс күтім жасасаңыз болғаны дейді шаруа.
️