Жол сапасын қадағалау күшейді

364
16.07.2022 09:30

Жол сапасына салғырт қарағандарға жаза күшейеді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жаңа заң жобасын әзірлеуде. Құжат қазір Мәжілісте қаралып жатыр. Ол бойынша енді Ұлттық сапа орталығының қызметі мен құзыреті кеңейеді. Аталған мекеме  елдімекендердің жолдарына дейін міндетті сараптамадан өткізеді. Бұл - техникалық қадағалау мен жобалау ұйымдарының жауапкершіліктен сытылып кетуіне мүмкіндік бермейді. Бұған дейін кепілдік кезеңіндегі жолдардан қанша ақау анықталса да бұл екі ұйым еш жауапқа тартылмай келген еді.  Сондай-ақ министрлік автожолға қатысты 1200-ге тарта нормативті құжатты қайта қарауда. Оның ішінде облыс әкімдіктерінің рейтингін жол сапасына қарай анықтау әдістемесі де бар. 

ФУРХАТ ЖОЛАНОВ, ҚР ИИДМ «ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫ» РММ ТҮРКІСТАН ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫ ЗЕРТХАНА МЕҢГЕРУШІСІ:

- Жаңа заң жобасы біздің орталыққа үлкен мүмкіндік береді. Үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз жол сапасына жауапты барлық мекемелердің жұмысына міндетті сараптама жүргізетін боламыз. Мысалы бұған дейін техникалық қадағалаушылар еш жауапкершілікке тартылмайтын. Біз  тек олардың лицензиясынан айыру туралы ұсыныс хат беретінбіз. Былтыр  техникалық қадағалаушы лицензиясынан уақытша айрылған.  Бір мердігерге ірі көлемде айыппұл салынды. 

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда жалпы қолданыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 157 мың шақырым. Оның ішінде 25 мыңы республикалық маңызы бар, 71 мыңы- жергілікті маңызы бар жол. Ал елдімекен көшелерінің жалпы ұзындығы - 61 мың шақырымды құрайды.