Атырау облысында еділбай тұқымды мыңнан аса қой тірідей жанып кетті. Оқиға Құрманғазы ауданының Сүйіндік ауылдық округіне қарасты Жалғызапан елдімекенінде болған. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өрт Ресейдің Астрахань облысының аумағында тұтанып, Атырау облысына жайылған.
АТЫРАУ ОБЛЫСЫ СҮЙІНДІК АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ ҚАНАТ ҚҰЛШАРОВ:
- Құрғақ шөптің өртенуінен "Сүйіндік қой зауыты" ЖШС-нің 1 мыңнан аса еділбай тұқымды қойы жанып кетті. Соңғы аптада ауыл маңында үш рет өрт тіркелді. Өртке күннің қатты ысуы себеп болып отыр. Тілсіз жауды ауыздықтауға 30 адам мен 4 техника тартылған. Сондай-ақ Сүйіндік және Жалғызапан ауылдарының тұрғындары да өртті сөндіруге атсалысты.
Өртенген мыңнан аса қойдың өлексесі Жалғызапан ауылы маңынан қазылған шұңқырға көмілген. Қазір өрттен келген шығын көлемі есептеліп жатыр. Айта кетсек, еділбай тұқымды қойдың салмағы 145 келі шығады. Төрт айлық қозысының салмағы - 40-45 келі. Бұл құйрықты әрі етті қой тұқымына жатады.
️