Төлеби ауданында мал бордақылау алаңдары артып келеді

429
15.07.2022 06:13

Төлеби ауданының мал шаруашылығы саласындағы әлеуеті мол. Мұнда жайылым тапшылығына қарамастан мал басы көбейіп,  бордақылау алаңдарының саны жыл санап артып келеді. Мұның бәрі тынымсыз еңбек пен істің көзін тапқан шаруалардың маңдай терінің арқасында әрине. 

Табан ақы, маңдай терімен табыс тауып отырғандардың бірі Бірінші мамыр ауылдық округі Алғабас ауылының тұрғыны Тәңірберген Қонқабаев. Әу баста несие алып, 40 бас бұқаны бордақылап бастаған ол, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.

ТӘҢІРБЕРГЕН ҚОНҚАБАЕВ, ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бұл шаруа қожалықты 2015 жылы бастағанмын. Арада міне жеті жыл өтіп жатыр. Жаман емес. Үкіметтен несие алып, 2017 жылы 10 млн 500 мың теңге несие алдым. 6 пайызбен. Соны жүргізіп отырмын. 2024 жылға дейін алғанмын. Өскеменнен ақ бас бұзаудан 8 млн теңгеге сатып әкелдім. Қалған 2 млн теңгесіне жем шөп алып 2017 жылы содан бастағанбыз. Содан нәтижесі жаман емес. 

Мал баға білген адам жан бағуға да бейім болары хақ. Тәңірбергеннің қорасында бордақыланған бұқалар негізінен Төлеби ауданының базарында саудаланады. Мал етін өндіріп, сатуды кәсіп қылған  отбасыда 4 перзент өсіп келеді. Соның тұңғышы Тілеухан қазірдің өзінде мал бағу ісін бір кісідей меңгерген.

ТІЛЕУХАН БАЙНАЗАР,  БАЛАСЫ:

- Мен жазғы демалысқа шыққалы бері әкеме көмектесемін. Біз қораны 2015 те салдық. Содан бері 40 бастай мал байлаймыз. Мал борадықлау өте қиын жұмыс деп айта алмаймын. Ол оңай жұмыс. Оңайы да, қиын жағы да бар. Ата мен анам малдың малақтарын шығарады. Ал өзім суарамын жемін беремін. Шөп саламын. Бәрін өзім істеймін. Кейбір кезде атам, анам, әкем қарайды. Көмектесіп бар білгенін үйреніп жүрмін. 

Тәңірберген айлық табысының 50 пайызын несие жабуға жұмсайды. Тынымсыз еңбегінің арқасында ол енді бірер жылда мемлекеттен алған қарызынан құтылып, өз пайдасына жұмыс істей бастайды. "Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей" деген халық даналығын кәсіпкер өмірлік ұстанымы етіп алған.