"Шаға" жағажайы қалай жұмыс істеуде?

811
14.07.2022 09:51

«Шаға» жағажайы. Бұл тарихи шаһардағы алғашқы жаңа кешен. 8 шілде күні ресми лентасы қиылған жағажай қала қонақтары мен тұрғындарын асыға күтеді. Жауаптылардың айтуынша, ашылған күні 3 мыңға жуық демалушыны қабылдаған көрінеді. Жаңа демалыс аймағынының тіршілігімен тілшіміз Шынар Әділханқызы танысып қайтты. 

"Шаға" туристік жағажайының жалпы ауданы 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы 2 жарым миллион текше метр. Жағажай салуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Түркістанның іргесіндегі Шаға елді мекеннінде орналасқан су айдына тіптен қоғамдық көліктер де қатынайды. «Қуаныш» базарынан қозғалатын автобус күніне екі мезгіл яғни алғашқысы таңғы 10-00-де болса, кейінгі рейс  16-00 де демалушыларды жағажайға тура жеткізеді. 

Өз көлігіңізбен келер болсаңыз 300 орындық автотұрақ та қарастырылған. Жалпы жағажай аумағында тек суға түсіп қана емес, футбол, волейбол ойнауға да мүмкіншілік бар. 5 бірдей катамаран келушілердің құзырында. Қауіпсіздік талаптары да қатаң сақталған. Құтқарушылар сақадай сай тұр. Ал, тамақтану орнындарының жұмысы жүре түзелуде. Қазірде жеке кәсіпкерлермен келісім жасалынып жатыр екен. Алдағы уақытта жағажай бұдан да әрлене түсетіні анық.  Қазірдің өзінде демалыс орны көптеген келушілердің көңілінен шығып жатыр екен. 

БЕКЗАТ СЫЗДЫҚОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

- Бізде Түркістан қаласында пляж болмаған. Жақында ашылды. Бала шағамызбен келдік. Жақсы, ұнады. Алдында бассейндерге барып тұртаны едік. Қазір міне пляжымыз бар. Сол жақсы ұнап жатыр. Керемет. 

Сынап-мінеп кетіп жатқан келушілер де бар екен. Олар жағажай суының ластығын алға тартады. Мамандар бұл жөнінде былай дейді. 

ШЕШЕНБЕК БАЛАБИЕВ, «ШАҒА» ЖАҒАЖАЙЫ ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: 

- Біз жобалауда 2 вариант қарастырдық. Бірінші құм. Басқа мемлекеттерде технология бойынша құм болу керек. Біз сол құмды көрдік. Одан кейін экологиялық жағдайды ескеріп, бір жартысына тас көрдік. Қалай болады екі жобаны да көрейік деп. Топыраққа мен қандай шара көре аламын. Бұл табиғи. Сондықтан бізге ол мүмкіндік бермейді екен. 

ШЫНАР ӘДІЛХАНҚЫЗЫ, ТІЛШІ:

- Соңғы үлгіде салынған жаңа кешен қала тұрғындары мен қонақтарына жайлы көңіл күй сыйлары анық. Мұнда келушілерге барлық жағдай жасалған. Мәселен, мына мен отырған катамаран. Бұл арқылы сіз жағажайдың жалпы аумағын аралап шығуға мүмкіншілігіңіз бар. Қазіргі уақытта бағасы тегін. Алдағы уақытта ақылы болу жоспарда бар.