Төле би ауданында астық ору басталды

367
14.07.2022 09:46

Түркістан облысындағы Төлеби ауданында астық ору науқаны енді басталды. Өйткені мұнда көктем кеш кіріп, егістік те өзге өлкелерен салыстырғанда 10-15 күнге  кеш піседі. Ал, кейбір аудандарда орақ салу аяқталып жатыр. Жалпы биыл облыста биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 851 мың гектарға егіліп, ал, дала жұмыстары қызып жатқан шақ. Алтынбек Әмиттің репортажында толығырақ.  

Мамандар Түркістан облысындағы егіс көлемі биыл өткен жылдан 5,5 мың гектарға ұлғайғанын айтады.  Егістікті әртараптандыруға сәйкес, масақты дақылдар  7,1 мың гектарға артыпты. Оның ішінде арпа – 47,5 мың гектарға, бидай тұқымы  – 201,2 мың гектарға тасталған. Соның 14 мың гектар бидай алқабы Төлеби ауданына тиесілі екен. 

ҚҰТТЫМҰРАТ ТҰРҒЫНБАЕВ, ТӨЛЕБИ АУДАНДЫҚ КӘСІПКЕРЛІК ЖӘНЕ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:

- Жалпы Төлеби ауданында 65 мың 500 гектар 36 гектарға егіс көлемі орналастырылды. Оның ішінде 21 мың гектар жері дәнді дақылдар. 24 мың гектарына жоңышқа бар бізде. 5 мың гектарға жаңа жоңышқа орналастырылды. 

Биыл Түркістан облысының таулы аймақтарында жауын-шашын мол болды. Ылғал да жақсы түсті. Осының нәтижесінде таулы аймақтағы диқандар пайдаға кенелгелі отыр. Мәселен, Төлеби аудандық «Қазығұрт» кооперативі биыл бір гектардан 25 центнерден өнім алуды жоспарласа, былтыр бұл көрсеткіш 1 гектардан бар болғаны 15 центнерді құраған екен.  

ТАЛҒАТ СЕЙДАНОВ «ҚАЗЫҒҰРТ» АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ  ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Былтыр дәнді дақылдың ең алды дегенннің өзі 10 центнерден зорға тартқан. Биыл нәсіп болса, 20 центнерден аламыз деген үміттеміз. Өнімді ішкі нарықтың өзінде макорон зауыттары бар. Жергілікті диірмендер бар. Көп жылдық келісім-шарттарымыз бар. 

Аудан бойынша бүгінде астық егу ісімен 7 ірі кооператив айналысады. «Қазығұрт» - солардың ең әлеуеттісі.  4 комбайны орақ науқанына толық жабдықталып, жұмысты бастап жіберді.

Биыл алдын-ала жасалынған болжамдық есеп бойынша облыс шаруалары  әр гектардан орташа 18,7 центнерден, жалпы 465,1 мың тонна өнім жинайды деп күтілуде. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 203 мың тоннаға артық. Орылған бидайдың басым көпшілігі жем-шөп ретінде мал азығына пайдаланылады.