Түркістан облысы Кентау қаласында робототехникадан халықаралық жарыс өтті. Қазақстанның бірнеше өңірімен қатар, бұл сайыста Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстан республикаларынан келген командалар бақ сынасты. Құрастырған роботқа ұлттық ойындарды ойната білу - жарыстың басты ерекшелігі болды.
Осыдан бірер жыл бұрын роботтардың көмегімен, қыз-қуу, арқан тартыс, ақсүйек және асық ойнауға болады дегенге ешкім сенбейтін еді. Енді бұл да шындыққа айналды. Қазақтың ғана емес, өзге де түркітілдес халықтардың ұлттық ойындарына айналған сайыста Қазақстанның 4 өңірінен және Орта Азия елдерінен келген құрамалар бақ сынасты. Балалардың барлығы дерлік, болашақта өз өмірлерін осы робототехника және өзге де заманауи технологиялармен байланыстырып отыр. Солардың бірі 8 сынып оқушысы – Тілеухан Жұмағали.
ТІЛЕУХАН ЖҰМАҒАЛИ, ҚАТЫСУШЫ (БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ)
- Ия, ары қарай жалғастырамын. Робототехника болашақта жақсы дамып, өте жақсы деңгейге жетсе, барлық зат адамдарды роботтар алмастыруы мүмкін. Сол кезде робототехник адамдары өте қажет болады және тығыз байланыста болады.
Түбіміз бір болмаса да, дәстүріміз бір. Осылай деген Тәжікстандық команда бұл үрдісті толықтай қолдайтынын айтуда. Ортақ салтты халықаралық деңгейде дәріптеу арқылы келешек ұрпақтың бойына сіңіруге болады дейді олар. Оның үстіне, робототехника секілді заманауи ғылым – таптырмас әдіс.
МИХРОН ОРТИКОВ, ҚАТЫСУШЫ (ТӘЖІКСТАН):
- Біз Қазақстанға елдің дәстүрін және мәдениетін көрейік деп келгенбіз. Сөйтсек, дәстүрлі ойындарымыз ұқсас екен. Тіпті, бірдей.Бізге жеңу басты мақсат емес. Өзге елдердегі бауырлас елдермен тәжірибе алмасу. Ал, менің оқушыларым жаңа дос тапса екен деймін. Қазіргі балалар, заманауи технологияларға жақын. Бірақ, сол уақыттарын, телефон шұқылауға емес, осындай ғылымды меңгеруге арнаса, бұл ел болашағы үшін өте жақсы деп білемін.
Жарыстың ұйымдастырушысы әрі бас төрешісі Марс Мақсоттың айтуынша, жарысқа алдағы уақытта роботтар кәдімгі адам өміріне араласып үлгерген Жапония мен Оңтүстік Кореядан командалар шақыру жоспарлануда. Алайда, ол деңгейге жеттік деу әлі ерте дейді. Сондықтан, ол елдермен тәжірибе алмасудың маңызы зор екенін айтады.
МАРС МАҚСОТ, ЖАРЫСТЫҢ БАС ТӨРЕШІСІ:
- Біздің робототехника Корея мен Жапонияны айтпағанда, Ресейдің өзімен салыстырса, артта қалған. Балалар және мұғалімдер арасындағы жарыстарға көп қолдау керек. Себебі дейтін, қазіргі балаларға шауып баратын емес, мотивация керек. Бұл жарысты біз өз күшімізбен ұйымдастырып жатырмыз. Болашақта қолдау болса, бұдан да үлкен жарыс ұйымдастырамыз. Себебі, бала шыңдалады. Содан дамудың деңгейці жаңа кезеңге шығады.
Қазірдің өзінде жарысқа еліміздің өзге өңірлеріндегі оқу орындаы қызығушылық танытып отыр екен. Келесі жарыстарға олар міндетті түрде қатысады дейді ұйымдастырушылар.
️