Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары көбейген. Шымкентте дәл осындай оңай жолмен пайда таппақ болған алаяқ ұсталды. Қаладағы 60 дүкеннен 300 мың теңгеге жуық қаражат жымқырған ол, өзін «қайырымдылық қорының мүшесімін» деп таныстырыпты. Бұл туралы тәртіп сақшыларына белгілі бір қайырымдылық қордың өкілі арызданған. Ол өз шағымында, қордың атын жамылған белгісіз азаматтың 60-қа жуық сауда нүктесінде орналасқан жәшіктердегі қаражатты заңсыз жолмен иеленгенін айтады. Бөлімшеге шағым түскен сәттен бастап, полиция қызметкерлері жедел іздестіру жұмыстарына кіріскен. Нәтижесінде, күдікті жалдамалы пәтерден ұсталып, қамауға алынды. Қазіргі таңда, аталған жайт бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
️