Ерекше қажеттілігі бар балалардың арманын кім орындайды және ол армандар туралы қайдан білуге болады? Түркістанда бүлдіршіндерге арналған бірден екі акция өтті.
Арайлым соңғы жылдары планшетім болса деп армандап жүрді. Енді сол аңсаған арманына жетті. Тек Арайлым емес барлығы 10 баланің тілегі орындалды. Осы мақсатта Аманат партиясы өкілдері, еріктілер және меценаттар ерекше қажеттілігі бар балалардың арманын орындауға бірлесе атсалысты. Бұл шара қалада екінші рет өткізіліп отыр.
ҰЛБОЛҒАН БЕКЖАНОВА АРАЙЛЫМ МИРАЛИЕВАНЫҢ АНАСЫ:
- Қызымның арманы планшет тұғын. Біріншіден, ол планшеттен әріптер үйренеді, сандар үйренеді. Арасында ойын ойнайды, демалған уақытта. Демеушілерге рақмет.
Әсел Бимырзаева мектепте ұстаз болып жұмыс істейді. Бірақ ерекше қажеттілігі бар балаларға көмектесіп, ерікті де болып жүр. Сондықтан, балалар оны көрсе болды, көңілдері көтеріледі.
ӘСЕЛ БИМЫРЗАЕВА, ҰСТАЗ, ЕРІКТІ:
- Мен әрқайсының үйіне барам. Жеке-жеке сөйлесем, армандарын сұраймын. Армандары өте көп бұл балалардың. Өз қолымен жаза алмайтындар да бар. Икемі келмейтіндерге көмектесеміз. Ағасы көмектеседі, анасы көмектеседі.
Дәл сол уақытта Түркістанда тағы бір осыған ұқсас акция ұйымдастырылды. Оның ұымдастырушылары – «Менің арманым» қоры. Алматыда басталған шара, Тараз және Шымкент қалаларында өтіп үлгерді. Енді белсенді жастар Түркістанға табан тіреді. Ұйымдастырушылар «Арман ағашын» әр өңірде 2 күнге қалдырады екен. Ағаштың отырғызылу салтанаты Керуен-Сарайда болды.
МҰСА КҮНИЕВ, «АРМАНДАР ОРЫНДАЛАДЫ» ЖОБАСЫНЫҢ МЕНЕДЖЕРІ:
- Корпоративтік қор болғаннан кейін оның ішінде демеушілер бар. 50 процент арманды сол меценаттармен орындадық. Біз жұлдыздарға хабарласамыз. Мысалы бір баланы Райммен кездестірдік, Дубайға апардық.
Осы арман ағашы ашылған бетте, жергілікті кәсіпкер бір бүлдіршіннің арманын орындауға әзір екенін жеткізді. Бала еліміздегі танымал блогерлердің біреуімен кездесуді аңсайды екен. Жақын арада кәсіпкер қайтсем де балақайды сүйікті блогерімен таныстырамын деп отыр.
НҰРҒАЛИ ОСПАНОВ, КӘСІПКЕР:
- Әрбір қазақ елінің азаматы кішкентай бүлдіршіндерге, оның үстіне ауырып жатқан бүлдіршіндерге, көмектеседі деп ойлаймын. «Менмін» деген қазақтың жігіттері көмектесетін шығар. Бұл да үлкен сауап. Киелі астанамызға келуі де үлкен мәртебе болып тұр.
Айта кетері, қор осы уақытқа дейін 123 баланың арманын орындап үлгерген. Ал Түркістан қаласында ерекше қажеттілігі бар әрі үйден оқытылатын бүлдіршіндер саны 100 ден асатын көрінеді.
️