Алакөлдегі демалыс аймағында өрт шықты

211
07.07.2022 06:07

Алакөл жағасындағы демалыс базасынан өрт шықты. Тілсіз жау 3 мың шаршы метрді шарпыған. Қызыл жалынның ауқымын оқиға куәгерлері әлеуметтік желіге жүктеген бейнежазбалардан көруге болады. Желі қолданушылары демалыс орнындағы адамдардың қауіпсіз жерге шыққанын, кейбірі тілсіз жауды ауыздықтауға атсалысқанын айтады. Бір-біріне жалғап салынған ағаш үйлерге өрт әп-сәтте тараған. 

БЕКТІҒАЗЫ САЯНОВ, ҮРЖАР АУДАНДЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫ:

- Алапат өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар департаменті және полиция, жергілікті органдардан келген 186 адам мен 29 техника жұмылдырылды.

Алапат өрт 5 сағатта таңғы 5 тің шамасында сөндірілді. Алдын ала мәлімет бойынша 3 мың шаршы метр демалыс орны отқа оранған. 4 демалыс базасы күлге айналды. Құтқару қызметінің мәлімдеуінше тілсіз жауды ауыздықтауға қатты жел кедергі келтірген. Оқиға нәтижесінде 7 демалушы зардап шекті. Абырой болғанда қаза тапқандар жоқ. Қазір төтеншеліктер өрттің неден шыққанын анықтау үстінде.