Сауран ауданында мешіт ашылды

188
05.07.2022 07:35

Сауран ауданында тарихи атаулар жаңғыруда. Соның бірі Құрышхан ата кесенесі. Халық арасында әулие атанған тарихи тұлғаның қабірі Қаратаудың етегінде жатқан Абай ауылында орналасқан. Бүгінде баба басына жаңа мешіт салынып, әулиелі жерге келушілерге арнап жағдай жасалуда. Су жаңа діни орталықтың атауыда дәл осы тарихи тұлғаның есімімен байланысқан.

Құрышхан ата халық аузында Қаратаудағы Жылаған әулиенің әкесі деген сөз бар. «Түркология» ғылымын зерттеушілерге Құрышхан есімі жақын таныс. Тарихи деректерге сүйенсек әулие мұсылман дінін таратушы ғалым болған. Баба басында кеңес үкіметі кезінде кесене болған екен, бірақ солшыл саясаттың қысымынан төбесі бұзылып қиратылыпты. Бүгінде әулиенің айналасы ұзын дуалмен қоршалып әктеліп қойған. Құрышхан ата әулие қазіргі таңда «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің ескерткіштер тізіміне енген нысан. 

Әулиенің басында Кеңес одағы кезінде 40-50 адамдық тас мешіт салынған. Ғимараттың тарлығы ауыл тұрғындарына діни орталыққа келуге қиындық тудыратын. Мәселені ескерген Абай ауылының кәсіпкерлері халық игілігіне арнап жаңа мешіт тұрғызыпты. Ғимарат бір мезетте жүзден аса адамды қабылдауға қауқарлы. Барлық жабдықтары заман талабына сай жасақталған. 

Мешіттің құрылысына сеп болған кәсіпкер мен ауыл тұрғындары бірлесе бабаларының рухына құран бағыштап ас берді. Діни орталық алдағы уақытта тек Абай ауылының халқына ғана емес Құрышхан атаны зиярат етіп келушілергеде қызмет жасайтын болады.