Түркістанда заманауи жағажай ашылады. Шаға ауылының аймағында салынған нысан қолданысқа 8 шілдеде беріледі деп жоспарлануда. Жағажайдан бөлек демалыс аймағында ескек есу каналы, дәмханалар, сауда орындары салынуда. Жаңа демалыс аймағы өңірге туристер мен инвестиция тартатын тағы бір орталыққа айналады дейді жоба жетекшілері.
Елімізде баламасы жоқ "Түркістан" туристік-рекреациялық орталығында орналасқан жасанды көлге тіршілік нәрі "Кеңсай-Қосқорған" су қоймасынан келеді. Қазір айдынға 2 млн куб су жиналып үлгерген. Жасынды көлдің түбіне арнайы топырақ пен тас төселген. 85 га аумақты алып жатқан ерекше кешеннің құрылысы үш кезеңде жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны-9,3 млрд теңге. Қазір мұнда газон мен 10 түрлі гүл егіліп жатыр.
Климаты құрғақ, шөлді, жаз мезгілі ұзаққа созылатын Түркістанда судың алар орны ерекше. Әсіресе, шілде түсіп, ауа температурасы 40 градустан асқан мезгілде тұрғындар ыстықтан қорғану үшін шомылатын жер іздейді. Алайда осы уақытқа дейін шаһарда халыққа арналған жағажай болған емес.
Осылайша енді түркістандықтар бассейн іздеп сабылмайтын болды. Тереңдігі 2,5 метр болатын жасанды көл қала тұрғындары мен қонақтарын қабылдауға дайын. Жақын күндері жағажайда құтқарушылар бекеттері орнатылады дейді сала қызметкерлері.
Айта кетсек, жасанды көлден бөлек Түркістан" туристік-рекреациялық орталығында күзге дейін ескек есу каналы да іске қосылмақ. Демек, қала тұрғындары шомылып қана қоймай, су спортымен де айналысуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ, аумақта элиталық коттедждер мен қонақүйлер бой көтеріп, аквапарк, саябақтар мен гүлзарлар орталық көркін аша түспек.
️