Түркістан облысының тауар айналымы 4 айдың ішінде 428 млн АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,5% - ға жоғары. Ал экспорт көрсеткіші 16,4% - ға өсіп, 264,2 млн. АҚШ долларына дейін өсті. Алайда соңғы уақытта әлемдегі тұрақсыз саяси ахуал отандық өнім экспортына кері әсерін тигізуде. Мәселені шешудің жолдары бүгін «ӨҢІРЛІК ЭКСПОРТТАУШЫЛАР КЕҢЕСІНДЕ» айтылды.
Өнімді таңбалау, сертификаттау және кеден бекеттері арқылы сыртқа шығару. Осы кезеңдерде кәсіпкерлер көп кедергіге ұшырайды. Аталған салалардағы кемшіліктерді жою мақсатында “Turkistan Invest” өңірлік агентігі арнайы жиын ұйымдастырды. Оған ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері де қатысты.
Түркістан облысындағы ірі экспортерлардың бірі – Кентау трансформатор зауыты. Оның басқарма төрағасы Бауыржан Құдайбергеновтің айтуынша өндіріс орны «QazTrade» Сауда саясатын дамыту орталығы мен «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясымен ұзақ жылдар бойы жұмыс істеуде. Айтуынша, өнімді сыртқа жеткізуде аталған ұйымдардың көмегі зор.
Сондай-ақ, отандық тауар өндірушілер мен экспортерларға жан-жақты қолдау көрсетуді мақсат тұтқан ұйымдар аймақтағы тауар өндірушілер мен экспортерларға берілетін мемлекеттік қызметтер мен көмектер туралы айтып, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді. Еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға арналған жиын дәстүрлі түрде тоқсан сайын өткізіледі деп жоспарлануда.
️