БАҚ туралы заң кең көлемде талқылануы тиіс

266
29.06.2022 06:51

Мемлекет пен халық арасындағы тиімді байланыс құралы болуы үшін баспасөзге оңтайлы жағдай жасау – маңызды мәселе. Бүгін ҚР Үкіметінің кезекті отырысында осылай деген Премьер-Министр Әлихан Смайылов қоғамдық пікірді қалыптастыруда бұқаралық ақпарат құралдары ерекше рөл атқаратынын атап өтті. Сондықтан ол БАҚ құралдарының құқығын қорғайтын арнайы құжатты осы жылдың соңына дейін Парламент қарауына енгізуді тапсырды. 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

- Осыған байланысты әзірленіп жатқан «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заң жобасы мемлекеттің мүдделерін, қоғамның сұранысын және медиа саланың даму үрдістерін ескеруі тиіс. Заң жобасындағы жаңалықтарды үкіметтік емес ұйымдарды, жұртшылықты, сарапшылар мен журналистерді қатыстыра отырып, кеңінен талқылауға шығару қажет.

Ал ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров бұқаралық ақпарат құралдарының саны жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Айтуынша қазір елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген. Ведомство басшысының айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдарының санымен бірге таралу аумағы да ұлғайған. 

АСҚАР ОМАРОВ - ҚР АҚПАРАТ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ДАМУ МИНИСТРІ:

- Медиа мен мемлекет өзара тығыз әрі маңызды ұғым екенін жақсы білеміз. Ақпарат құралдарын алға шығарып, жан-жақты дамыту қоғамның өсіп-өркендеуіне жол ашады. Бұны әлемдік процестен көріп отырмыз. Қазақстан да бұл даму динамикасынан қалып қойған жоқ. Отандық медиа-индустрия қарқынды және сапалы даму үстінде. Бүгінгі таңда елімізде 5 мыңнан астам БАҚ тіркелген және жыл сайын олардың санының белсенді артып жатқаны байқалады.