«Қазақстан – ата жұртым, қасиетім – ана тілім». Осындай атаумен Түркістан қаласында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша ХІХ Халықаралық олимпиада салтанатты түрде ашылды. Елімізде 19 рет ұйымдастырылып отырған білім бәйгесіне жақын және алыс шетелдерден: Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия және Ресей Федерациясында тұратын 67 оқушы келіп отыр.
Нұргүл Олжабаева-Өзбекстан Республикасы, Ташкент облысы, Бостандық ауданынан келіп отыр. Ата-жұртқа келгендегі қуанышын жүзінен бірден байқауға болады. 10 сыныпта оқитын бойжеткен болашақта Қазақстанда жоғары білім алғым келеді деп отыр.
НҰРГҮЛ ОЛЖАБАЕВА-ӨЗБЕКСТАННАН КЕЛГЕН ҚАТЫСУШЫ:
- Өзбекстан бойынша қазақтардың, қандас бауырларымыздың ең көп шоғырланған жері-Бостандық ауданы. Ол жердегі халықтың 90 пайызы-қазақтар. Біз халқымыздың салт-дәстүрін берік ұстанамыз, мәдениетін насихаттап, дәріптеп, мақтан тұтып жүреміз. Бүгін киелі мекенге олимпиадаға келіп отырмыз. Бұйырса жақсы нәтиже көрсетеміз деген ойдамыз.
Ата-жұртты аңсап келген білімпаздарды киелі Түркістан шаһары ыстық құшағын жая қарсы алды. Арнайы мерекелік бағдарламамен басталған жиында Түркістан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы сөз сөйлеп, дарынды жеткіншектерге сәттілік тіледі.
Шет елдердегі қазақ диаспорасының балаларына арналған білім бәйгесінің мақсаты - дарынды жеткіншектерді анықтау. Олардың қазақ тіліне, әдебиетіне, мәдениетіне, тарихына деген қызығушылықтарын арттырып, еліміздің әлеуетін арттыру үшін ата-жұртқа тарту,- дейді «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Зәуре Аманова.
ЗӘУРЕ АМАНОВА, «ДАРЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ, ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ:
- Олимпиаданың негізгі мақсаты - шетте жүрген қандас бауырларымызды елге тартып, жоғары оқу орнына түсіріп, елге қызмет етулеріне жағдай жасау. «Менің елім, туған жерім-Қазақстан»,- деген ой салып, елімізге деген патриоттық сана-сезімді қалыптастыру.
Ата-жұртым деп келген жас өрендер арасындағы зияткерлік дода 26 маусым мен 1 шілде аралығында өтеді. Білім бәйгесіне қазылық етуге еліміздің бетке ұстар ғалымдары мен профессорлары шақырылған. Мыңнан оза шапқан жүйріктер ҚР оқу-ағарту министрлігінің арнайы дипломдарымен, сондай-ақ алтын, күміс және қола медальдарымен марапатталмақ. Ал Отандастар Қоры білімпаздарға еліміздің көрікті аймағы Бурабайдағы I-Qanat мектебінде ұйымдастырылатын 2 апталық жазғы демалысқа 3 тегін жолдама ұсынатын болады.
️