Жаңа Қазақстан жастардың көзімен. Осындай тақырыпта Халықаралық туризм және меймандостық университетінде "TURKESTAN school CUP II" пікір-сайыс турнирі өтті. Шараға Түркістан облысынан бөлек Шымкент қаласының оқушыларыда қатысты. Жеңімпаздарға университет тарапынан тегін оқу мүмкіндігі берілді. Тақырыпты толығырақ тілшіміз тарқатады.
Нұртас Қалбай биыл 9 сыныпты бітірді. Оқушылар арасындағы пікірсайыстарға қатысып жүргеніне жылға жуықтапты. Соның өзінде ауыз толтырып айтарлықтай дәрежеге жеткен. Бұл пікірсайыстада жүзден жүйрік шықты. Нұртас бүгінгі шара арқылы жаңа Қазақстанды құру жоспарымен бөлісіп, өз ойын ортаға салуға үлкен мүмкіндік алдым дейді.
НҰРТАС ҚАЛБАЙ, САЙЫС ЖЕҢІМПАЗЫ:
- Жаңа Қазақстан қандай болуы қажет? Оның баспалдағы қандай болады? Біз қалай дами аламыз? Осы сұрақтардың барлығы бүгін өз арамызда шешімін тапты. Жаңа Қазақстанды дамыту үшін жастарға көп мүмкіндіктер беру қажет.
Халықаралық туризм және меймандостық университетінің қолдауымен өткен пікір-сайыс турниріне 64 оқушыдан, 32 фракция қатысты. Үздік деп танылғандарға аталмыш оқу орнына 10 атаулы білім гранты табыс етілді. Мұндай шаралар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатын болады дейді университет басшылығы.
ҚАРЛЫҒАШ АРАЛБЕВОА, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТУРИЗМ ЖӘНЕ МЕЙМАНДОСТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ РЕКТОРЫ:
- Неігізгі мақсатымыз университетімізге дарынды жастарды тарту. Ал, дебатқа қатысатын оқушылар олар өз ойларын нақты айта алатын, болашақты бағамдай алатындар. Сондықтан бізге дарындыларды анықтау оңай болмақ.
"TURKESTAN school CUP II" пікірсайыс турнирінің негізгі ұйымдастырушыларының бірі қалалық жастар ресурстар орталығы. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша сайыс тақырыбын «Жаңа Қазақстан» деп алудың өзіндік мәні бар екен.
ПЕРИЗАТ ҚАЛМЫРЗАҚЫЗЫ, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ ЖАСТАР РЕСУРСТАР ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:
- Кеше ғана өткен референдумды жастар арасында насихаттау. Жаңа Қазақстанның жастарын өз ойларын ашық жеткізуге, ортада қысылмауға бейімдеу.
Сайыс соңында облыс жастарынан құралған пікірсайыс клубының жаңа төрағасы тағайындалды. Алты жылдан бері республика көлеміндегі жарыстарда топ жарып жүрген клуб халықаралық додаларға түсуге дайындық үстінде.
️