Республикалық «Iqanat» олимпиадасында Түркістан облысының оқушылары топ жарды. Білім бәсекесіне елдің түкпір-түкпіріндегі 164 ауданнан 750 оқушы қатысты. Соның ішінен жүзден жүйрік шыққан 100 бала «IQanat High School of Burabay» мектебінде оқуға шақырту алған. Және барлық оқушыларға құнды сыйлықтар берілді.
Респубилкалық білім додасында жүзден жүйрік шыққан оқушыларды халық салтанатпен қарсы алды. Түркістан облысынан бұл бәйгеге 98 оқушы қатысқан. Солардың қатарында Тиншилик Фатибаев та бар. Аудандық, облыстық іріктеуден іркелмей өткен оқушы, химия пәні бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізіпті.
ТИНШИЛИК ФАЙЗУЛЛАЕВ, ОҚУШЫ:
- Біз жарысқа керемет дайындалдық. Мен химия пәнінен бірінші орын алдым. Алдымызда 3 тур болды барлығынан өттім.
Олимпиаданың артықшылығы ауыл-аймақтағы қабілетті оқушыларға үлкен мүмкіндік береді дейді ұйымдастырушылар. Яғни олимпиадаға тек ауыл-аудан оқушылары ғана қатысты. Білім бәсекесінде бәсі биік болған 17 оқушы IQanat High School of Burabay мектебіне тегін оқуға жолдама алған. Ал 6 оқушы жүлделі орындарға ие болды. Осылайша Түркістан облысының оқушылары командалық есепте республика бойынша бірінші орын алды. Ал шәкірттері үміттерін ақтағанына ұстаздар да риза.
СӘУЛЕ ЕШМҰХАМЕТҚЫЗЫ, ҰСТАЗ:
- Ауыл оқушыларына арналған IQanat олимпиадасының бүгінгі таңда орны ерекше. IQANAT олимпиадасының негізгі мақсаты – ауыл мектептері оқушыларының Қазақстандық және шетелдік алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына оқуға түсу мүмкіндігіне тең қолжетімділікке ие болуларын қолдау. Сонымен қатар, осы олимпиада арқылы ауыл оқушыларын пәнге деген қызығушылықтарын ояту.
Айта кету керек, IQanat қоры 2017 жылдан бері ауыл мектептерінің оқушылары үшін жаңа мүмкіндікті ұсынып келеді. Осы уақыт аралығында 167 мыңнан аса бала олимпидаға қатысыпты. Ал биылғы оқу жылында қатысқан оқушылар саны 36 мыңнан асқан.
️