Қазақстанда сот қызметкерлерінің мерекесі алғаш рет атап өтілуде

606
25.06.2022 10:37

Қазақстан Республикасының сот жүйесіне биыл 30 жыл. Мемлекет басшысының жарлығымен маусымның 24-і ресми судья және сот қызметкері күні деп белгіленген болатын. Яғни осы жылы фемида қызметкерлері кәсіби мерекесін алғаш рет атап өтіп отыр. 

Дина Бейсембекованың сот саласында жүргеніне 10 жылға жуықтаған.  Заң үстемдігін қамтамасыз етуде аянбай тер төгіп жүрген ол биыл алғаш рет кәсіби мерекесін тойлауда. Өз мейрамдарының күнтізбеде ресми белгіленгеніне қуанышты әрине. Әрбір істің ақ қарасын ажыратып жүрген Дина білікті маман ғана емес, 3 перзенттің анасы. Осылайша, ол  заң мен арды басшылыққа алып қан қоймай, отбасының ұйытқысына да айналып отыр. 

ДИНА БЕЙСЕМБЕКОВА, ТҮРКІСТАН ҚАЛАЛЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:

- Өте қуаныштымын. Бұл біздің судьялар мен сот қызметкерлеріне өзінің жұмысын одан ары қарай адал әрі әділ жұмыс істеуге септігін тигізеді деп ойлаймын. Қуаныштымын. Барлық судьяларды сот қызметкерлерін шын жүректен кәсіби мерекемізбен құттықтаймын. Жұмысымызға абырой тілеймін. Әділ шешімдер бола берсін. 

Кәсіби мерекенің бұл датаға белгіленуінде айрықша мән бар. 1992 жылдың 24 маусымында Қазақ КСР-нің сот жүйесі туралы заңына тәуелсіздік таңындағы алғашқы түзетулер енгізілген . Атаулы мерекеде  маңызды миссияны абыроймен атқарып жүрген жандардың еңбектері еленді. Солардың бірі сот саласының ардагері Базарбек Уәлиханов. Бүгін оған  Түркістан облысының құрметті азаматы атағы берілді. 70 ті алқымдаған ардагер 2015 жылы  еңбек демалысына шыққан. 

Одан бөлек, жиында фемида қызметкерлеріне сот жүйесіне 30 жыл төсбелгісі  мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды. Айта кетейік қазірде Түркістан облысында 101 судья , 260 сот қызметкері жұмыс істейді.