Ресейлік әнші Юрий Шатунов өмірден өтті

279
25.06.2022 06:32

Ресейлік танымал әнші, "Ласковый май" тобының солисі Юрий Шатунов 48 жасында өмірден өтті. Бұл туралы өнер иесінің директоры Аркадий Кудряшов хабарлады. Оның сөзінше әнші түнде инфаркттан жедел жәрдем көлігінде көз жұмған. Ол Кеңестік кезеңнің және Ресей эстрадасының жарық жұлдызы еді. Оның орындауындағы әндер әлі күнге дейін халықтың жадында. 

Өткен ғасырдың 80 жылдардың аяғында Шатунов «Ласковый май» тобының құрамында өнер көрсетіп, көптің жүрегін жаулады. Олар шырқаған «Белые розы», «Седая ночь», «Старый лес» халық есінде еріксіз жатталып, ғашықтарды әнімен тербеді. Талай жас өнеріне еліктеп өсті.  

Әнші 1973 жылы Башқұртстанда дүниеге келген, анасы көз жұмғаннан кейін 12 жасында Орынбор балалар үйіне түскен. 1986 жылы ол композитор Сергей Кузнецов құрған "Ласковый май" тобына қосылды. Әншінің продюссерінің айтуынша,  Шатунов жүрек ауруы салдарынан жедел жәрдемде көз жұмды. 

Ол мамыр айында Ресейдің біраз қаласында жеке концертін берген еді. Сондай-ақ маусым айында да тағы біршама қалаға концерт беруді жоспарлаған болатын. Шатунов жай ғана әнші емес, көптеген беделді музыкалық наградалардың иегері, миллиондаған кеңестік жасөспірімнің кумирі болды. Әншінің ешкімге ұқсамайтын ерекше даусы мен барша халықтың жүрегін жаулаған әндері халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз.