Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 16-сессиясы өтті

264
25.06.2022 06:02

"2021 жылы  облыстық бюджеттің түсімдер көлемі  1 трлн 151 млрд теңге болып, 100,1 % орындалды. Бұл туралы бүгін Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс 16-сессиясында аграрлық мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Нұралы Әбішов мәлімдеді. Сондай-ақ ол өз сөзінде облыстық бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджетті жоспарлау барысында қажетті шығындарды дұрыс жоспарлауды бақылауға алу қажет екенін атап өтті. 

Жиында облыс әкімдігінің және тексеру комиссиясының 2021 жылға арналған облыстық бюджеттің атқарылуы жөніндегі есептері тыңдалды. Сонымен қатар кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялардың құрамына өзгерістер енгізілді. Жалпы сессия жұмысында мәслихат депутаттары 7 мәселені қарап, тиісті шешімдерді қабылдады. 

НҰРАЛЫ ӘБІШОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТТЫҢ АГРАРЛЫҚ САЛА, ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТАБИҒАТТЫ ПАЙДАЛАНУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӨНІНДЕГІ ТҰРАҚТЫ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:

- Бюджеттің атқарылуы бойынша уәкілетті органдар тарапынан, бюджеттік бағдарлама әкімшілері тарапынан бюджеттік мониторингті күшейту қажет. 2021 жылғы облыстық бюджеттің бағдарлама әкімшілері тарапынан іске асырылған 225 бюджеттік бағдарламалардың 200 бойынша нәтижелерге қол жеткізілген. Облыстық бюджеттен қаржыландыратын 29 бюджеттік бағдарламалардың ішінде 18 бюджеттік бағдарлама күтілетін нәтижелерге толық қол жеткізілген.