Полиция күнінен орай түркістандық тәртіп сақшылары марапатталды

285
25.06.2022 05:34

23 маусым Қазақстан Полициясының кәсіби мерекесі. Атаулы күнге орай Түркістан облысында қоғамдық тәртіпті сақтауда белсенді еңбек еткен полицейлерге арнайы наградалар мен алғыс хаттар табысталды. 

Сұлтанбек Үсіпбеков Түркістан облысы Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі. Осы салада еңбек етіп жүргеніне 20 жылдан асыпты. «Әке көрген оқ жонар» дегендей әке жолын жалғап, тәртіп сақшысы болуды бала кезден армандаған. Қазір мақсатына жетіп, Түркістан аймағындағы қылмыстың азаюына өзінің өлшеусіз үлесін қосуда. Бүгін осы еңбегі еленіп,  «Түркістан облысына қосқан үлесі үшін» арнайы марапатына ие болды. 5 батырдың әкесі өз перзенттері де дәстүрді жалғап, осы саланы таңдаса қос қолдап құптаймын деп отыр.

Тәртіп сақшылары төл мерекелерін биыл 15-ші рет атап өтуде. Атаулы күнде қайсарлық пен қажырлықты талап ететін саланың үздіктері ел президенті Қасым-Жомарт-Тоқаевтың, ҚР ІІМ-нің, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің арнайы марапаттарына ие болды. 

Тәртіп сақшыларының тынымсыз еңбегінің арқасында Түркістан облысында қылмыстық ахуал тұрақты. Мәселен, биыл 2000-нан астам құқықбұзушылық тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға төмен. Оның ішінде ауыр қылмыстың тіркелімі 44,7 пайызға азайып отыр. Ал ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 90 пайызды құрап отыр. 

Қазақстан Республикасының Полиция қызметінің 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған іс-шара Жұбаныш Жексенұлы, Еркін Нұржанов, Заттыбек Көпбосынұлы сынды елімізге танымал эстрада жұлдыздары ұсынған концертпен жалғасты.