Мемлекет басшысы Қазақстан полициясын 30 жылдық мерейтойымен құттықтады

237
25.06.2022 05:27

«Полиция өз жұмысын ашық жүргізіп, халыққа жақын болуы тиіс». Мемлекет басшысы Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында осылай деді. Президент өз пікірінде, бюрократиядан арылатын уақыт әлдеқашан жеткенін айтты. Бұл саяси кесел халықпен тікелей жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Тұрғындардың орынды сын-ескертулерін дұрыс қабылдау керектігін де ескертті. Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев пагондыларға ерекше жауапкершілік жүктелетінін мәлімдеді. Себебі, азаматтардың құқық қорғау жүйесіне деген сенімі әлі де жоғары деңгейде емес  дейді Мемлекет басшысы. Бастысы мамандарды кәсіби мерекесімен құттықтап,  антқа адал болғандарын атап өтті. 

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚР ПРЕЗИДЕНТІ:

- Бұл – тәуелсіздік тарихындағы айтулы белес. Құқық қорғау жүйесі – мемлекеттігіміздің берік негізі.  Сондай-ақ, елдегі тұрақтылықтың басты кепілі.     Заңның орындалуын қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау – жауапкершілігі мол жұмыс. Өткен жылдарда ішкі істер саласына ауқымды әрі жүйелі реформа жасалды. Соның нәтижесінде полициямыз өз міндетін жоғары деңгейде атқаруда. Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде құқық қорғау жүйесі түрлі сын-қатермен бетпе-бет келді. Өтпелі кезеңдегі ахуал қандай күрделі болғанын жақсы білесіздер. Полиция қылмыспен табанды түрде күресті.  Сол арқылы бизнестің қалыптасуына жағдай жасалды.